Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана»: Бектенов әлеуметтік көмек туралы айтты (ФОТО)

14:35, 21 қыркүйек 2026

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы кезінде жүктеген тапсырмаларын орындау мәселелері жөнінде арнайы кеңес өткізді, деп хабарлайды Alash.kz.

Үкімет басшысы елдегі ауқымды өзгерістерге тоқталып, мемлекеттік әлеуметтік көмек, экологиялық мәдениет, жол сапасы мен құрылыс бақылауына қатысты міндеттерді айқындады.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміз ауқымды өзгерістер дәуіріне қадам басты. Жаңа Конституция Озық Қазақстанды одан әрі дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазірдің өзінде барлық салада ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Жуырда ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкімет алдына азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру, қалалық және республикалық маңызы бар жолдардың сапасын ең жоғары деңгейде қамтамасыз ету, сондай-ақ Астана қаласының Урбанистика орталығының тәжірибесін кеңінен тарату мәселелеріне қатысты бірқатар міндет қойды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Басқосуда министрлер өз салалары бойынша баяндама жасады. Мемлекеттік әлеуметтік қолдаудың жаңа тәсілдерін таныстырған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев атаулы моделіне көшу екі кезеңде жүретінін жеткізді. Оның айтуынша, 36 төлемнің 14 түрін қамтитын бірінші кезең нормативтік базаны әзірлеуді көздесе, екінші кезеңде жергілікті органдардың 13 түрлі көмегі мұқтаждық деңгейіне қарай 4 түріне біріктіріледі. Сонымен қатар, 2027 жылдың басынан ардагерлерге қолдау көрсету де мұқтаждық қағидатына көшірілмек. Жиында ер адамдарға бала күтімі демалысын беру, бөбекжайларда орын санын көбейту және күтушілер тапшылығын шешу есебінен әйелдерге 2 жыл бойы көрсетілетін көмек форматын жетілдіру ұсынылды. Мүгедектікті белгілеу жүйесіне жасанды интеллект енгізіліп, медициналық құжаттарды қолдан жасаған 167 оқиға және деректері бірдей 18 647 күмәнді жағдай анықталып, құқық қорғау органдарына жолданды. Бұл өзгерістер «Отбасының цифрлық картасындағы» «А» (жоғары) және «В» (қанағаттанарлық) санатындағы азаматтарға қатысты болады. Ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап SMS, eGov Mobile және банк қосымшалары арқылы хабарламалар жіберіледі, ал заңнамалық түзетулер Құрылтай қарауына ұсынылады. Премьер-министр жәрдемақыларды тек шын мұқтаждарға үлестіруді талап етті.

«Президент атап өткендей, мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін мүлтіксіз орындап келеді. Ал қажетті әлеуметтік көмек тек шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана көрсетілетініне назар аудару керек. Министрлер мен әкімдер көрсетілген барлық бағыттар бойынша ауқымды жұмыс жүргізуі тиіс. Азаматтарға көрсетілетін көмектің түрлері туралы кеңінен ақпарат берілуі қажет. Өңірлерде әкімдіктер әлеуметтік жәрдемақы алушылар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуі керек», — деді Олжас Бектенов.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ақысыз медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне (ТМККК) 2026 жылы 1,6 трлн теңге, ал МӘМС жүйесіне 1,7 трлн теңге қарастырылғанын хабарлады. Амбулаториялық дәрімен қамтылатындар саны 2018 жылғы 1,9 млн-нан 2026 жылы 3,4 млн адамға дейін артқан. Бүгінде елімізде 6 мыңнан астам бала есту қабілеті бұзылуына байланысты диспансерлік есепте тұр. Президенттің тапсырмасына сәйкес Олжас Бектенов Денсаулық сақтау, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне отандық есту аппараттары өндірісін іске қосу бойынша Жол картасын әзірлеуді жүктеді, ал өндіріс басталғанша бұл аппараттар жергілікті бюджет есебінен сатып алынады. Сондай-ақ, «Қазақстан халқына» қоры 10 оңалту орталығын ашып, аутизмі бар 1250 балаға көмек көрсетіп жатқаны айтылды.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 2026 жылы 1,4 млн бастауыш сынып оқушысы мен 230 мың әлеуметтік осал топтағы баланы мектеп тамағымен қамтуға 210 млрд теңге бөлінгенін айтты. Бұл процесс «Әлеуметтік әмиян» арқылы бақыланады. Оған қоса, мектептерде 4 мыңнан астам «Жасыл клуб» жұмыс істеп, жыл соңына дейін «Жасыл мектеп» ұлттық моделі негізінде Экологиялық ағартудың бірыңғай стандарты қабылданбақ.

Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров «Таза Қазақстан» аясында 5 бағыттан тұратын тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеу тәсілдерін ұсынды. Акция басталғалы 10 мыңға жуық заңсыз қоқыс орны жойылып, 7 млн ағаш отырғызылды, TazaQazBot арқылы 57 мыңнан астам өтініш қаралаған. Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев экологиялық акцияларға 2 млн жас қатысқанын, Волонтерлік қозғалысты дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы дайындалып жатқанын жеткізді.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов вандализммен күрес аясында ескерткіштерді бүлдіру бойынша 11 қылмыстық іс тергеліп, 80 мың есірткі граффитиі өшірілгенін, 19 адам сотталғанын мәлімдеді. Министрлік вандализмді болдырмау үшін қоғамдық орындардағы жазулар мен суреттерге әкімшілік жауапкершілік енгізуді ұсынды. Үкімет басшысы мұндай заңсыздықтарға тыйым салуды тапсырды.

«Ішкі істер министрлігі вандализм мен бұзақылықты болдырмау үшін қоғамдық орындарға зиян келтіретін “граффитидің” барлық түрлеріне толық тыйым салу мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар дайындауы қажет», — деп тапсырды Премьер-министр.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев құрылыста бірыңғай цифрлық портал мен ЖИ құралдары енгізіліп жатқанын, жаңа Құрылыс кодексінде дизайн-код бекітілгенін және Астанадағы Урбанистика орталығының тәжірибесі өңірлерге таратылып жатқанын айтты.

«Мемлекет басшысы Қазақстанның үлкен құрылыс алаңына, жасампаздық мекеніне айналуы қажеттігін және құрылыстың жоғары сапасын қамтамасыз ету керектігін ерекше атап өтті. Осыған байланысты Үкімет құрылысты қатаң бақылауды қамтамасыз етуі керек. Міндетін адал атқармайтын мердігерлерге қатысты қатаң жауапкершілік шараларын қолдануды тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев республикалық жолдардың 94%-ы, жергілікті жолдардың 91%-ы, ал қала көшелерінің 71%-ы талапқа сай екенін мәлімдеді. Олжас Бектенов халық шағымдарына жедел ден қойып, жол сапасын арттыруды тапсырды. Тапсырмалардың орындалуын үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа тапсырылды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар