Алматылық «Қайрат» клубының және Қазақстан құрамасының қақпашысы Темірлан Анарбеков түркиялық мамандардың назарын аударды. Белгілі футбол агенті Али Емре жас голкиперді Фенербахче клубына лайық қақпашылардың бірі деп атады, деп жазды Alash.kz.
Түркия Суперлигасының алпауыт клубтарының бірі саналатын Фенербахче 2025/26 маусымын екінші орынмен аяқтаған. Осыған байланысты команда жаңа маусым алдында қақпашы мәселесін күшейтуді көздеп отыр.
Футболшыларды түрік клубтарына ауыстырумен айналысатын агент Али Емре әлеуметтік желідегі парақшасында клубқа тек қақпа сызығында жақсы ойнайтын емес, қорғанысты толық басқара алатын, қақпадан шығып сенімді әрекет ететін және шешуші сәттерде командаға сенімділік сыйлайтын голкипер қажет екенін жазған.
Оның айтуынша, бірінші таңдауы – Цолакис болса, екінші орынға Темірлан Анарбековті қойған. Агент қазақстандық қақпашының әлеуетін жоғары бағалап, оны Фернандо Муслера секілді матч тағдырын шеше алатын қақпашылар қатарына қосты.
Соңғы уақытта FC Kairat клубының Чемпиондар лигасындағы сәтті ойындарынан кейін Темірлан Анарбековтің есімі жиі атала бастады. Жанкүйерлер мен сарапшылар жас голкипердің еуропалық деңгейдегі клубтарда ойнауға мүмкіндігі бар екенін айтып жүр.
Алайда қазіргі таңда Темірлан Анарбековке қатысты ресми трансферлік ұсыныс түскені туралы нақты ақпарат жоқ.