Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Путин тағы да Батыс елдерін айыптады

17:08, 22 ақпан 2023 332
 


Ресей президенті Владимир Путин Федералды жиналыс алдында оқыған Жолдауында Украинадағы басқыншылық соғысына, РФ-ның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының күн өткен сайын нашарлап, санкцияның кесірінен ел экономикасының тұралап, өндіріс орындарының істен шығып жатқанына Батыс елдерін айыптады.

Оның айтуынша, бұл соғысты Батыс бағындырып алған Украина бастапты. Сосын Кремль өзі басып алған «тарихи жерлеріне» соққы берілуінің алдын алып, күш қолдануға кірісіп кеткен. Ол «Лужникиде» РФ Мемлекеттік думасының сенаторлары мен депутаттарына, Федералды жиналыс депутаттарына сөз арнап, осылай деді.

Бұдан бір күн бұрын Киевке күтпеген жерден келіп кеткен АҚШ президенті Джо Байден нағыз көрегендік танытқан екен. Ол Ресей президентінің жолдауынан бір тәулік бұрын Ресейдің кең ауқымды соғыс ашуына бір жыл толуы қарсаңында Украинаға теңдессіз көмек беруді уәде етіп кетті.

Сондықтан Путиннің Жолдауының мәні қашып, бір жарым сағатқа созылған Жолдауда Украинаға қару-жарақпен көмектесіп жатқан Батыс елдерін айыптады. Бірақ оның сөзінен ешкім де нақтылық пен жүйелілік күткен жоқ. Ал Путин әдеттегідей Ресей армиясының майдан даласындағы орасан зор шығындары мен жеңілістері жайлы бір ауыз сөз айтпады. Бұл тақырыпты айналып өтіп, баяғы «қатерлер» туралы айтты. Соғыс жайына келгенде, «бәрі жоспарға сай жүріп жатыр» дейтін жаттанды сөзін тағы айтып қалды.

Путиннің сөздері бұл жолы тіпті оның ура-патриоттарын да селт еткізбеді. Олар көп ұзамай оны тыңдаудан қалды. Келгендердің біразы ашықтан-ашық ұйықтауға кірісті. Қалғып отырғандардың қатарынан әдеттегіше Дмитрий Медведев те табылды.

Путин Жолдауда өз бұйрығымен өлтірілген Украинаның бейбіт тұрғындарын соғыс қылмыскерлері деп атады. Одан да өтіп кеткен тағы бір нәрсе, Путиннің Жолдауды оқу барысында Украинада өз армиясы өлтірген, толассыз атқылаулардың салдарынан қаза тапқан қарттарды, әйелдер мен балаларды 1 минуттық үнсіздікпен еске алуынан көрінді.

Егер 2022 жылдың 24 ақпанында «әлемнің екінші армиясы» Украинаға басып кіріп, ракеталармен жан-жақтан атқыламағанда, бүгінде олардың бәрі тірі болатын еді.

Ресей президенті Федералды жиналысқа арнаған Жолдауын оқу барысында қайта-қайта жөтеліп, қозғалақтап, жүйкесі жұқарғанын аңғартып, кезекті мәрте өз кеселінің белгілерін байқатып алды. Сонымен қатар, күллі әлемді, өзінің көршілерін қорқытып-үркітуге тырысатынын тоқтата қоймады.
 

Украина алысқа ататын қаруды көбірек алған сайын, біз өзімізге төнетін қатердің шегін ары қарай жылжытуға мәжбүр боламыз, – деді ол.

 

Жиында Путиннің жария еткен тағы бір нәрсесі Ресейдің АҚШ-пен 2021 жылы жасасқан ядролық қару жөніндегі соңғы келісімшартты тоқтататыны болды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар