Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путиннің Украинадағы соғысты тоқтатқысы жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Кремль басшысы Еуропадағы тағы бір елге шабуыл жасауға дайындалып отыр.
«Путин соғыстың аяқталуын күтпейді. Ол басқа бағытта әрекет еткісі келеді. Қай елге екенін ешкім дөп басып айта алмайды, бірақ оның ниеті сол», - деді Зеленский.
Сонымен бірге ол Ресейді НАТО-ның қорғаныс қабілетін сынап көруге тырысып отыр деп айыптады. Осы себепті Ресей Польша, Литва, Румыния сияқты елдердің әуе кеңістігіне дрондарын жіберіп жүр дейді ол. Зеленскийдің айтуынша, бірнеше елдің әскери мамандары Украинаға келіп, Ресейдің әуе шабуылдарына қарсы дайындық жүргізіп жатыр.