Ресей Президенті Владимир Путин ел тізгінін алғаш қолына алған сәтте өзін бұл жауапкершілікке лайық сезінбегенін жеткізді, деп жазады Аlash.kz ұлттық порталы.
Ол «Россия 1» телеарнасы мен РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында 25 жыл бұрынғы тарихи сәтті еске алды.
Оның айтуынша, сол кезде Ресейдің тұңғыш Президенті Борис Ельцин өз орнын ұсынғанда, Путин бұл ұсынысты қабыл алуға дайын болмағанын ашық айтқан.
– Қалағанымнан емес, ең алдымен күтпеген жайт болды. Иә, шын мәнінде, сол кезде президент болғым да келмеді. Себебі өзімді дайын емес деп санадым. Осы ой мені кері тартты, – деді ол.
Путиннің сөзінше, сол кезеңде Ресей алдында бір сәтке де кешіктіруге болмайтын өткір әрі тағдыршешті мәселелер тұрған. Елдің тұтастығы мен болашағы сынға түскен шақ еді.
– Әрине, бұл шешім мен үшін нені білдіретінін ойладым. Бірақ ең алдымен, алдымызда тұрған міндеттерді қалай шешеміз, соларды ойладым. Мен мұның қолымнан келе ме, бұл ауыр жүкті арқалай алам ба – осы сұрақтар мазалады, – деп түйіндеді Ресей президенті.