Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Провокациямен қорқыта алмайсыңдар! Ескерту!»: Бақыт Сәрсекбаев өткір мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

16:09, 01 шілде 2026

Бокстан Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы, Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев әлеуметтік желіде белгісіз тұлғалардың өзіне қысым көрсетіп, жаттықтырушылық қызметі мен жұмыс процесіне кедергі келтіруге тырысып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.

Бақыт Сәрсекбаев Instagram парақшасында арнайы жазба жариялап, өзіне жасалып жатқан сыртқы ықпалдарға қарамастан, ешқандай қысымға немесе арандатушылық әрекеттерге бой алдырмайтынын ашық білдірді. Бас бапкер өз сөзінде өзі қызмет ететін ортада тек қана темірдей тәртіп пен әділдіктің сақталатынын алға тартып, бұл мәселенің қазақ боксының болашағына тікелей әсері бар екенін түсіндірді. Сонымен қатар, ол алда жауапты бәсекелердің күтіп тұрғанын, сондықтан бос интригаларға уақыт құртпайтынын айтып, мұндай қадамға барып жүрген белгілі бір адамдарға қатаң ескерту жасады.

Ол өз жазбасында:

«Сынбаймын ғой. Сындыра алмайсыңдар ғой! Ешқашан да байланыстарыңмен, телефонмен, провокациямен қорқыта алмайсыңдар! Мен жүрген жерде тек қана тәртіп, дисциплина, әділдік болады! Мен ештеңе сұраған емеспін, бар сұрарым жұмыс істеуге кедергі келтірмеңдер! Маған кедергі жасау – қазақ боксына кедергі жасау! Менің интрига, провокацияға уақытым жоқ, алдымызда жауапты бәсеке тұр! Кейбіреулерге ескерту!», - деп ашық жазды.

Сәрсекбаевтың айтуынша, бұл дау-дамай оның тікелей жаттықтырушылық міндетіне сырттан заңсыз араласу және ұжым ішіндегі қалыптасқан тұрақтылықты шайқалту әрекеттерінен туындаған.

Ол бұл мәселенің мән-жайын:

«Менің жаттықтырушылық жұмысыма араласып, жұмыс процесін бұзуға, ұжымдағы тұрақтылықты шайқауға әрекет жасалды. Қазір мәселе федерацияның қарауында», – деп нақтылап, аталған мәселені заңды түрде шешу үшін ресми түрде федерацияның қарауына жолдағанын мәлімдеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар