Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Alash.KZ
Президент ел тағдырына тікелей әсер ететін маңызды оқиға қарсаңында Парламенттің 8-ші шақырылымы өз жұмысын аяқтайтынын еске салды.
"Қос палатаның бірлескен отырысына міндетті түрде қатысамын: тарихи кезеңде атқарылған жұмысты қорытындылап, ел дамуының жаңа кезеңіндегі негізгі мақсат-міндеттерге тоқталып өтемін. Біз, Қазақстан халқы жасампаз әрі озық ойлы ұлт ретінде алысқа көз тігеміз. Осы даңғыл жолда берекелі бірлігіміз бен ырысты ынтымағымызды күшейтіп, барлық мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция халқымыздың темірқазығы, әділетті қоғамның мызғымас тұғыры және орнықты дамудың берік кепілі екеніне назар аударды.
"Бірнеше күннен соң, яғни 1 шілдеде Конституциямыз заңды күшіне енеді. Қазақстан түбегейлі жаңа дәуірге қадам басады. Конституция еліміздің саяси және идеологиялық арқауы ретінде ұзақ жыл бойы халық игілігіне қызмет етеріне сенемін. Қазақстанның дамыған және озық ел болғаны өзімізге ғана керек. Біздің басқа еліміз жоқ. Сондықтан қазіргі және келер ұрпақтың алдында аса маңызды міндет тұр. Бұл – Отанымызды өнегелі мемлекетке айналдыру", - деді Президент.