Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Педагогтерге мереке сайын сыйақы беріле ме?". Ұстаздар асыға күткен жаңалық жайлы хабарланды

11:44, 27 желтоқсан 2025

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев мұғалімдерге мемлекеттік мерекелер қарсаңында сыйақы төлеу мәселесіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Alash.kz.

Kznews.kz хабарлауынша, комитет төрағасының айтуынша, мерекелік сыйақылар білім беру ұйымдарының жылдық бюджетінде үнемделген қаражат есебінен төленеді. Әсіресе басқару формасы өзгеріп, шаруашылық жүргізу құқығына ие болған мектептерде бұл тәжірибе жүйелі түрде жүзеге асып келеді.

«Мемлекеттік мейрамдар қарсаңында төленетін сыйақы әр білім беру ұйымының жылдық бюджетінен үнемделген қаржы есебінен беріледі. Бізге келіп түскен мәліметтерге сәйкес, басқару формасы өзгерген мектептерде педагогтерге әр мемлекеттік мереке сайын белгілі бір көлемде сыйақы төленіп отыр», – деді Қаныбек Жұмашев.

Сондай-ақ ол мұғалімдердің мереке сайын сыйақы алу-алмауы аудан мен қаланың қаржылық мүмкіндігіне тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Білім беру жүйесінде тік, вертикальді басқару қалыптасқан. Аудандық білім бөлімдерінің бюджеті бөлек жасақталады. Ел бойынша шамамен 8 мың мектеп бар, ал 220 аудандық білім бөлімдері осы мектептердің жылдық қаржы есептерін қабылдап, келесі жылға бюджетін бекітеді. Сондықтан сыйақы төлеу мәселесі әр өңірдің қаржылық әлеуетіне байланысты», – деді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, қаржы көздері жеткілікті аудандарда үнемделген қаражат мектептер арасында тең бөлініп, педагогтердің сыйақы алу мүмкіндігі де жоғары болады.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов банк топ-менеджерлерінің 1,7 млрд теңге көлемінде сыйақы алғаны туралы ақпаратқа түсініктеме берген еді. Бұл мәлімет қоғамда қызу талқыға түскен болатын.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар