Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, марқұм Асанәлі Әшімовтің жары Бағдат Әшімова Кеңсай зиратында аңыз тұлғаның құлпытасы орнатылып, ас берілгенін хабарлады. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, еске алуға келген барша жуықтары мен ел азаматтарына алғысын білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Бағдат Әшімова өз жазбасында Асанәлі Әшімовтің ғұмыры мен артында қалдырған өнегелі ізі ұлт үшін мәңгілік аманат болып қала беретінін атап өтті.
«Бүгін Кеңсайда асыл жарым, Алаштың Асанәлісі, қайталанбас тұлға — Асекеннің құлпытасын орнатып, шаңырағында Құран бағыштадық. Адамның ғұмыры өлшеммен емес, артында қалдырған ізімен бағаланады екен. Асекеннің ғибратты ғұмыры, елге жасаған еңбегі, адамға деген жақсылығы мен азаматтық болмысы — біз үшін мәңгілік аманат. Тірісінде жанында жүріп, бар ғұмырымды бірге өткерсем, бүгінде оның рухына тағзым етіп, артында қалған аманатын арқалап келемін. Өмірдің ендігі бір үлкен жауапкершілігі де осында», — деді ол.
Сондай-ақ марқұмның жары арнайы келіп дұға бағыштаған туған-туыстары мен әріптестеріне, алыстан ат терлетіп жеткен барша ағайынға ризашылығын білдірді.
«Бүгінгі құлпытастың ашылуына арнайы келіп, Асекеннің рухына дұға бағыштаған туған-туысқа, жақын жандарына, әріптестері мен достарына шын жүректен алғыс айтамын. Алыстан ат терлетіп, көңіл бөліп келген әр адамның ықыласы — біз үшін үлкен медет, үлкен құрмет. Асекен бір ғана әулеттің емес, елдің азаматы еді. Оның артында қалған еңбегі мен өнегесі, есімі мен рухы кейінгі ұрпаққа жетуі керек. Бұл — менің жар алдындағы ғана емес, азаматтың елге сіңірген еңбегіне деген перзенттік парызым деп білемін. Тірісінде қасынан табылу — тағдырдың маған берген сыйы болса, бүгінде рухына қызмет ету — жүрегіме жүктелген аманат. Асекеннің есімін ұлықтау, артында қалған мұрасын сақтау, кейінгі ұрпаққа жеткізу — менің алдағы ғұмырымдағы ең үлкен парызым. Жатқан жерің жайлы, рухың пейіште шалқысын, асыл жарым. Сенің жарың болу — өмірімдегі ең үлкен мәртебе еді. Ал сенің аманатыңды арқалау — қалған ғұмырымның қасиетті міндеті. Алла тағала рухыңды рақымына бөлеп, жатқан жеріңді нұрлы етсін», — деп түйіндеді Бағдат Әшімова.
Айта кетейік, Асанәлі Әшімов 2025 жылдың 21 желтоқсаны күні 88 жасында өмірден өтті.