Қазақстандық кәсіпкер Ерлан Боқышевтің жұбайы әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялап, күйеуінің тоғыз айдан бері тергеу изоляторында отырғанын мәлімдеді, деп жазады Alash.kz.
Оның айтуынша, кәсіпкер Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлеріне пара беруден бас тартқаннан кейін қудалауға ұшыраған.
Әйелдің сөзінше, өткен жылы Ерлан Боқышев Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің тергеушісі пара талап етті деген күдікпен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шағым түсірген. Кейін сот аталған департаменттің екі қызметкерін кінәлі деп таныған.
Соған қарамастан, кәсіпкердің жұбайы күйеуіне қатысты қозғалған қазіргі қылмыстық істің негізсіз екенін айтып отыр.
– Күйеуім 50 миллион теңге көлемінде сұралған параны беруден бас тартты. Содан бері тоғыз айдан бері қамауда отыр. Біз бұл істі құқық қорғау органдарының кек алу әрекеті деп есептейміз. Адвокаттардың жұмысына кедергі келтіріліп, тәуелсіз сараптама жүргізуге мүмкіндік берілмей отыр. Тергеу біржақты жүргізілуде, – деді ол.
Оның айтуынша, кәсіпкерге қылмыстық істің бастапқыда 45 томымен танысу қажет болған. Кейін іс материалдарының көлемі 51 томға дейін ұлғайған. Жұбайы қосымша алты томның қандай негізде енгізілгеніне қатысты сұрақ туындап отырғанын жеткізді.
Сондай-ақ, оның мәліметінше, тергеу барысында Ерлан Боқышевтің адвокаты мен серіктестері де күдіктілер қатарына енгізілген. Осыған байланысты ол қоғамнан қолдау сұрады.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің бұрынғы қызметкерлеріне қатысты іс сотта қаралған болатын. 2026 жылдың мамырында бұрынғы аға тергеуші Ермек Махамбетов пара алғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал делдал болды деп танылған Операциялық басқарма бастығының бұрынғы орынбасары Дәулет Сарин екі жылға сотталды.
Қазіргі таңда Ерлан Боқышев басқа қылмыстық іс бойынша қамауда отыр. Оның жұбайы бұл қудалау кәсіпкердің пара беруден бас тартып, құқық қорғау органдарына шағымданғанынан кейін басталғанын алға тартады.
Айта кету керек, бұл мәлімдеме кәсіпкердің жұбайының ұстанымы болып табылады. Құқық қорғау органдары аталған айыптауларға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.