Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Пәкістандағы 300 қазақты құтқару керек": Депутат сыртта сандалып қалған қандастар жайын айтып, дабыл қақты (ВИДЕО)

13:49, 13 тамыз 2025 260

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Пәкістандағы қандастардың тағдырына алаңдап, оларға жедел көмек көрсетуге шақырды, деп Alash.kz ұлттық порталы Адырнаға сілтеме жасап хабарлайды.

Депутаттың айтуынша, Пәкістанның Карачи қаласынан Хамит Жорабай есімді қазақ хабарласып, екі жыл бұрын 40 отбасы – шамамен 300 қазақтың Ауғанстаннан Пәкістанға босып келгенін жеткізген.

"Оларға Қазақстанның Пәкістандағы елшісі келіп, жағдайды көріп, көмектесуге уәде берген. 30 тамыз күні Пәкістан осы 300 қазақты қайтадан Ауғанстанға депортациялайтындарын мәлімдеген", – деді Ерлан Саиров.

Ерлан Саиров бұл ақпаратты ести салысымен Сыртқы істер министрлігіне хабарласқанын айтты. Ведомство мәселе жайлы білетінін, бірақ азаматтардың қолында "ұлты қазақ" екенін растайтын құжат болмағандықтан, көмек көрсете алмайтынын жеткізген. 

"Бұл мәселені шешу үшін қайтадан Ауғанстанға барып, қажет анықтаманы алу керек екен. Ол елге барса, жағдайлары өте қиын болады. Сондықтан мен Үкімет басшысы Олжас Бектеновке, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуге үндеу жариялаймын. Қан су емес. Біз иісі қазақты құтқаруымыз керек. Құрметті азаматтар, 300 қазақты көшіруге жағдай жасайық. Егер мүмкіндігіміз болмаса, БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасынына өтініш жасау керек. Олар 300 қазақты босқын ретінде мойындаулары керек. Сол кезде аталған азаматтардың қауіпсіздігі шешіледі. Құрметті қауым, қолдауларыңызды сұраймын!" – деп түйіндеді депутат.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар