Мұғалімдерге ата-аналардан келетін хабарламаларға кешкі сағат 18:00-ден кейін жауап бермеуге рұқсат берілуі мүмкін, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, ата-аналардың мұғалімдерге сұрақтарын сағат 18:00-ге дейін қоюы орынды. Ал педагогтердің одан кейінгі уақытына құрметпен қарау қажет.
«Біздің ұстанымымыз нақты: ата-аналар чаттарында сағат 18:00-ге дейін сұрақтар қоюға болады. Ал 18:00-ден кейін әр мұғалімнің жеке өмірі бар және оны құрметтеу қажет», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оның сөзінше, биыл «Педагог мәртебесі туралы» заңға бірқатар өзгеріс енгізіліп, мұғалімдердің сабақ кезіндегі және сабақтан тыс уақыттағы міндеттері, сондай-ақ мектеп пен оқу процесіне қатысты жауапкершілігі нақтыланған.
Министр бұл талаптар заң аясында реттелгенін атап өтті. Ал сағат 18:00-ден кейінгі уақытқа қатысты мәселе ата-аналар қауымдастығымен бірлесіп талқыланатынын айтты.