Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Өзекті өртеген бір сұмдық… Қалай ел боламыз?»: Ақын Елена Әбдіхалықова қынжылысын білдірді (ФОТО)

17:42, 23 маусым 2026

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықова серуен кезінде кез болған оқиғасын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Alash.kz.

Ақын әлеуметтік парақшасында қоқыс жәшігінің жанына кәдімгі жөргегімен тұрған бесіктің тастап кетілгенін көріп, ұлттық құндылықтардың аяқасты болғанына қынжылыс білдірді.

Ағайын! Бүгін сіңілім екеуміз кешкі серуенге шығып, қоқыс тастай кетейік деп, қоқыс жәшігі қасына бара беріп, өз көзімізге өзіміз сенбей тұрып қалдық. Қоқыс маңына кәдімгі бөпе бөлейтін бесікті тастап кетіпті. Не істерімізді білмей біраз тұрдық. Қоқыс жәшігінің қасында бір ер адам шылым шегіп, бесікке қарап тұр екен. Қасына барып, «мына бесікті Сіз тастап тұрсыз ба?» деп сұрадым. Ол шошып кетті. Қасынан өтіп бара жатып, «шынымен бесік пе екен?» деп жақындап келіп, қарап тұрған беті екен.

Қоқысқа тастағалған бесікке қарап тұрып, басымызға неше түрлі ой, жылаған бала... өзекті өртеген бір сұмдық көз алдыма келе берді. Жүректі біреу тіліп кеткендей...

Біруақ : «қоқысқа бесік түгілі, пакетке орап сәби тастап жатқан жоқ па?» біртүрлі жұбата табалаған ой сумаң ете қалды. Алдымен жүрексініп, ішінде сәби жоқ па екен деп, ашып қарадық. Сәбиі жоқ! Жергегімен кәдімгі бесік!

Атам қазақтың бесікті жұртқа тастамайтын, керексіз дүние санамайтын салтымыздың мынау қай түрі.? Мүмкін сәбиі өскен шығар... Мүмкін қазір бұл бесіктің тастаған адамға қажеттілігі жоқ шығар... Бірақ, оны қоқысқа тастау деген не сұмдық? Қажет болмаса, мұқтаж біреуге беруге болмай ма?

Жаным ауырып, бесіктен бұрылып, әрі қарай серуенге кете алмадым. Мұқтаж болмасам да, үйге алып келдім. Қажет болса, жекеме жазсаңыздар болады.

Қазір қоқыста пакет-пакет нан жататынына көзіміз үйренді. Обал-сауапты айтудың өзі обал.

Жаңа туған шарананы пакетке салып лақтырып, бесікті қоқысқа тастап, бұл ненің белгісі ағайын? Біз осы шынымен ұлтпыз ба? Елміз бе?

Бұл сұмдыққа кім жауапты?

Қалай ел боламыз?

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар