Калифорнияда Мосс-Лэндинг маңындағы жол жиегінен нәрестенің мәйіті табылғаннан кейін 38 жастағы Серхио Гальвес Переске іздеу салынды. Тергеу барысында шетінеп кеткен ұл бала мен оны тастап кетті күдікке ілінген 14 жасар қыздың биологиялық әкесі бір адам – Перес екені анықталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Монтерей округі шерифі басқармасының мәліметінше, шақалақты елсіз жол бойынан тапқан. Нәрестенің тіпті кіндігі де кесілмеген, сонымен қатар денесінде ауыр жарақат іздері бар.
Тергеу болжамы бойынша, Перес қызы 13 жаста болған кезде оған азғындық жасап, жыныстық қатынасқа түскен. Қазіргі уақытта ер адамға инцест жасады және кәмелетке толмаған балаға қатысты қылмыс жасады деген айып тағылды.
«Серхио Гальвес Перестің кісі өлтірді деп күдіктелген 14 жасар қыздың да, табылған нәрестенің де биологиялық әкесі екенін растай аламыз», – деді Монтерей округінің шерифі Тина Нието.
Тәртіп сақшылары Перестің қызымен бірге бой тасалап жүргенін хабарлады. Шериф жасөспірімнің де өміріне қауіп төніп тұрғанын жеткізді.
«Ол бары-жоғы 14 жаста. Ол бұл істе күдікті саналғанымен, өзі де – осы сұмдық қылмыстың құрбаны», - деді Нието.
Қазіргі таңда полиция қызды тауып, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және қылмыскер Пересті қолға түсіруді көздеп отыр.