Талдықорғанда өз әкесінен аяусыз соққы көрген үш жасар қыздың қазіргі денсаулық жағдайы туралы мәлімет жарияланды, деп жазады Alash.kz.
Бүлдіршін түрлі дене жарақаттарымен дереу ауруханаға жеткізілген. Жетісу облыстық балалар ауруханасының хирургия бөліміне жатқызылған бала қазір мамандардың жіті қадағалауында. Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері оған қажетті медициналық көмектің толық көлемде көрсетіліп жатқанын хабарлады.
Ресми органдардың мәліметінше, отбасына зорлық-зомбылық көрсетті деген күдікпен 38 жастағы ер адам ұсталған. Ол өз жұбайы мен кәмелетке толмаған қызына қол көтергені үшін жауапқа тартылмақ. Зардап шеккен әйелдің жасы 30-да екені анықталды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен бүлдіршіннің ахуалын былай деп сипаттады:
«Қазіргі таңда зардап шеккен қыздың жағдайы орташа деп бағалануда. Ол облыстық балалар ауруханасының хирургиялық бөлімінде жатыр. Оған әрі қарай емдеу жүргізіліп, динамикалық бақылау жасалуда. Барлық қажетті көмек көрсетілуде».