«Оқушылар арасында әлімжеттік көбейді. Неге? Тәрбие бұзылды, қоғамда қатыгездік көп. Не істейміз? Ұлттық құндылықтарға негізделген ұлттық тәрбие жүйесі, ұлттық мектеп қажет! “Мектеп тәрбие бермеуі керек, мұғалім тек білім беруі қажет” деген педагогтердің пайда болуы – үлкен трагедия. Отбасы институты мен мектептегі тәрбие жүйесі дұрысталмаса, әлімжеттік тоқтамай, жағдай ушыға береді». Бұл пікірді белгілі ұстаз, QAZBILIM ұлттық лицейлер желісінің басшысы Аятжан Ахметжанұлы Alash.kz ұлттық порталына берген сұхбатында айтты.
- Соңғы уақытта балалар арасындағы әлімжеттік пен буллингтің өршуі, зорлық-зомбылықтың қалыпты құбылысқа айналып бара жатқанының негізгі себебі неде? Бұл отбасындағы тәрбиенің кемшілігінен бе, ортаның ықпалы ма, әлде қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктің көрінісі ме?
- Балалар арасындағы әлімжеттік пен қоғамдағы қатыгездік – біздің қоғамдық жүйеміздің үлкен кемшілігі. Өкінішке қарай, бізде отбасыдағы тәрбие де, мектептегі тәрбие де бұзылды. Қоғамда негатив басым. Адамдар арасындағы қарым-қатынас суып кетті. Мұның себептері өте көп.
Семейдегі 6-сынып оқушылары арасында әлімжеттік оқиғасы орын алды. Мен ол жерден басқа нәрсе күтпедім. Себебі қала әкімі мен білім бөлімінің басшысының мұғалімге әлімжеттік жасап, мұғалім шыршадан ұшып кетіп жараланды. Көрдіңіздер ме? Дәл сондайлар тоқтағанда ғана оқушылар арасындағы әлімжеттік те тоқтауы мүмкін.
Тұтас қоғам реттелмейінше тәрбие жұмысы түзелмейді. Сондықтан бұл мәселені кеңінен қарастырып, жүйелі шешу жолдарын іздеу қажет. Мен әдетте «Оқушының үш жұрты» бар деп атаймын. Ол - отбасы, мектеп, қоғам. Бүгінде осы үшеуінде де кемшіліктер бар. Формашылдық пен қатыгездік басым.
- Жас ұрпақ неге қатыгезденіп барады? Жасөспірімдер арасындағы агрессияның алдын алу үшін не істеу керек? Балаларға қатаң жаза қолдану мәселені түбегейлі шеше ме? Әлде отбасы институтын нығайтып, ұлттық құндылықтарға негізделген кешенді тәрбие жұмысы жүргізілуі керек пе?
- Балалар неге қатыгезденіп бара жатыр деген сұрақтың жауабын табу өте қиын. Себебі бізде бүкіл тәрбие жүйесі былығып кетті. Бұрын бала тәрбиесінде негізгі шешуші рөлді отбасы атқарса, қазір бұл міндет әлсіреп, оның орнын қоғам, әлеуметтік желі, телефон және басқа да сыртқы факторлар басуда. Бұл тәрбие жүйесін одан әрі былықтыра береді.
Ауырлау шығар. Бірақ, агрессия агрессияны тудырады. Әкімшіліктің мұғалімге агрессиясы мұғалімнің оқушыға агрессиясын тудырады. Мұғалімнің оқушыға агрессиясы, ата-ананың балаға агрессиясы балалардың жүрегін қатайтады. Бір-біріне агрессиясын тудырады.
Үйінде әкесі, шешесі боқтап сөйлейтін, баласының көзінше, әкеден шешеден түсіп, ауыз бармайтын боқтықты айтып отыра беретін отбасының баласы үшін боқтық сөз норма. Боқтық сөз норма бала үшін төбелес те, әлімжеттік те норма. Себебі, балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі.
Семейдегі жағдай жағаны ұстатып, қоғамды дүр сілкіндірді. Тіпті оқушы емес, кәдімгі қылмыскерлер арасында да ондай қатыгездік болмас. Бірақ, бұл ашыққа шыққаны, желіге тарағаны. Өкінішке, шықпағаны қанша?
Себебі неге? Неге бұндай оқиғалар жиілеп кетті? Себебі, қоғамда қатыгездік көп. Өтірік көп, алаяқтық көп. Жемқорлық, ұрлық-қарлық, сыбайластық. Отбасындағы әңгіме де, адамдар ортасындағы әңгіме де осы. Өнегелі әңгіме, үлгі алар оқиға тым аз, аздың өзінің нәсихаты жоқ.
Отбасы институты мен мектептегі тәрбие жүйесі дұрысталмаса, әлімжеттік тоқтамай, жағдай ушыға береді. Сондықтан біз өзіміздің тамырымызға оралып, ұлттық құндылықтарға негізделген кешенді тәрбие жүйесін барлық салада - отбасында, мектепте, қоғамда, тіпті баланың әлеуметтік желідегі контентіне дейін қамтуымыз қажет. Осы мәселеге назар аударып, орындамайынша, басқа бағыттарда ілгерілеу мүмкін емес.
- Мектептегі тәрбие жұмысына көңіліңіз тола ма? Былтыр қабылданған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы осы олқылықтың орнын толтыра ала ма? Қазіргі білім беру жүйесіне қандай реформалар қажет?
- Мектептегі тәрбие жұмысына көңілім толмайды. “Біртұтас тәрбие” бағдарламасының өзінде ұраншылдық пен формашылдық басым. Бос сөз көп. “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы қабылданған кезде-ақ, оның тек даңғазаға негізделгенін айтқан едік. Өкінішке қарай, бұл бағдарлама ешқандай нәтиже бермейді.
Қазір “мектеп тәрбие бермеуі керек, мұғалім тек білім беруі қажет” деген көзқарастағы педагогтер пайда болды. Бұл – үлкен трагедия. Білім мен тәрбие бөлінген жерде білім де, тәрбие де өледі.
Әл-Фараби бабамыз: “Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы”,- деп бекер айтқан жоқ. Білім мен тәрбие – тұз бен тамақтай егіз дүние. Тұзсыз тамақ жей алмайсыз. Дәл солай тәрбиесіз білім бере алмайсыз. Ол үлкен қателікке ұрындырады.
Қазір жамандықтың жарнамасы көп, дақпырты қалың, шуы қатты. Ал өнегені қалай көрсетеміз? Тіпті қазір “Әдебиет те, кино да, өнер де адам тәрбиелеуге ұмтылмау керек. Оның миссиясы ана-мына дейтіндер” көбейді. Енді кім, не тәрбиелейді бұл ұрпақты?
Ал, тәрбиенің ошағы отбасы мен мектептегі тәрбиені айтсақ, көзді біраз сығымдауға, ашынып аһ ұруға тура келеді. Қоғамдағы әр адам өскінді тәрбиелеуші! Не істейміз, оқушының үш жұрты (отбасы, мектеп, қоғам)? Ұлттық құндылық, ұлттық тәрбие жүйеден ұлттық мектеп керек! Айғай салғым келеді!
- Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Зарина ӘШІРБЕК
Alash.kz ұлттық порталы