Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Өскемендегі зауыт жарылысы: Зардап шеккендерге қатысты ел естімеген ақпарат шықты

15:39, 08 мамыр 2026

«Қазцинк» кәсіпорнында орын алған төтенше жағдайдан зардап шеккен жұмысшылардың денсаулық жағдайы республикалық деңгейдегі мамандардың бақылауына алынды. Соңғы мәліметтерге қарағанда, жарақат алғандардың бірін санавиациямен Астанаға тасымалдау туралы шешім қабылданды, деп жазады Alash.kz. 

Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығында ем қабылдап жатқан пациенттерге қосымша тексеру жүргізген дәрігерлер тасымалдау мүмкіндігін растап отыр.

Зардап шеккендердің бірі — омыртқасы зақымдалған 41 жастағы азамат. Дәрігерлер оның жағдайын бағалай келе, әуе жолымен жеткізуге рұқсат берді. Ал денесінің басым бөлігін күйік шалған екінші жұмысшының жағдайы әлі де өте ауыр болғандықтан, оны тасымалдау мәселесі алдағы күндері қайта қаралады.

Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері жағдайға қатысты мынадай мәлімдеме жасады:

«Пациент 1983 жылғы үшінші бел омыртқасының сынуымен дәрігерлердің қарауынан өтті. Оны әуе көлігімен тасымалдау мүмкіндігі расталды. Ал 9 мамыр күні таңертең Астанадан реаниматолог пен комбустиолог мамандардың қайта келуі жоспарланған. Содан кейін ғана екінші пациентті тасымалдау мүмкіндігі туралы нақты шешім қабылданады».

Қазіргі таңда елордалық мамандар жергілікті дәрігерлермен бірлесіп, зардап шеккендердің өмірін сақтап қалу үшін барлық қажетті медициналық көмекті көрсетуде. Тасымалдау жұмыстары науқастардың қауіпсіздігі мен денсаулығының тұрақтылығы ескеріле отырып жүзеге асырылмақ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар