ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов бюджет бөлінісі тұрғысынан жасалған жұмыстар туралы жазды, деп хабарлайды Alash.kz.
Депутат бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жария етті.
«Бюджетті қарағанда сіздер нақты не істедіңіздер?» деп көп адам сұрайды.
Бұл орынды сұрақ.Себебі «депутаттар бюджетті қабылдады» деген сөздердің артында көбіне нақты өзгерістер мен шешімдердің мысалдары көрінбей қалады. Сондықтан 2025 жылғы бюджетті қарау кезінде біздің Комитет қандай өзгерістер енгізгенін қысқаша айтып өтейін.
Ертең келесі жылға арналған бюджет жобасындағы біздің түзетулер туралы бөлек жазба жариялаймын.1. Денсаулық сақтау
Бастапқыда бюджет жобасында онкология мен онкогематологияны қаржыландыруда 25 млрд теңге көлемінде тапшылық болған еді. Біз бұған келісе алмадық. Себебі бұл жай ғана сандар емес - адамдардың тағдыры мен өмірі.
Сондықтан қосымша қаражат бөлгіздік:
+20 млрд ₸ - онкологиялық науқастарды емдеуге,
+5 млрд ₸ - онкогематологияға,
+8 млрд ₸ - гемодиализге,
+4 млрд ₸ - паллиативтік көмекке.Онкогематология - лейкемия және басқа да сирек кездесетін қан ауруларына шалдыққан адамдарға арналған өте қымбат дәрілер. Олардың арасында балалар да бар.
Гемодиализ - шамамен 9 мың адам үшін өмір мен өлімнің арасы. Біздің түзетуіміздің арқасында бұл саладағы қаржыландыру қысқармай, керісінше артты.
Ал паллиативтік көмек - жай ғана медицина емес, адамның соңғы күндерін азапсыз өткізу құқығы. Біз хоспистер мен паллиативтік көмекті қолдау үшін қосымша қаражат бөлдік.
2. Білім беру
Бюджеттен 402 млн теңге қайта бөлініп, әр теңгенің өз мәні бар.
• Халықаралық пәндік олимпиадалар.
Ұлттық құраманың жүйелі дайындалуына жағдай жасау мақсатында оқу-жаттығу жиындарын өткізуге арнайы қаржы қарастырдық.• Мектептердегі робототехниканы дамыту мен ғылыми жобалар байқауын өткізуге арнайы қаражат қарастырдық.
• Дебат пен оқушы көшбасшылығы.
Біз дебат қозғалысын дамытуға қаржы бөлдік.3. Мәдениет және қазақ тілді контент
Қазақ тіліндегі сапалы контент аз. Сол себепті біз бұл бағытқа ерекше көңіл бөлдік.
• 300 млн ₸ - қазақ тіліндегі анимациялық мультфильмдер жасауға және оларды интернет пен YouTube-та таратуға.
• Біз енгізген түзетулермен “Лидер XXI ғасыр” және “Азамат” сияқты интеллектуалды телебағдарламалар қайта эфирге оралды, сондай-ақ “Жайдарман” жобасына да қолдау көрсеттік.
• Сонымен қатар, біздің түзету “Астана Опера” театры ұжымының еңбекақысын төлеуге де мүмкіндік берді.
4. География және су қауіпсіздігі институты
инфрақұрылымды жөндеу мен жаңартуға 189 млн ₸ алды.Бюджетті талқылауда тек өз өңіріңнің мәселесіне ғана емес, барша азамат үшін маңызды жүйелі сұрақтарға назар аудару маңызды.
Қазір дәл осындай жұмыс 2026 жылға арналған бюджет жобасы бойынша да жүріп жатыр. Нәтижелері туралы бөлек жазамын.