Астана тұрғыны бұрынғы әйелінің жұмыс орнына барып, оның үстіне жанғыш сұйықтық құйып, өміріне нақты қауіп төндіргені үшін 60 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Прокуратураның мәліметінше, ер адам қызғаныш салдарынан бұрын бірге тұрған әйелімен қарым-қатынасты қалпына келтіруді көздеп, оның жұмыс орнына жанғыш сұйықтық құйылған бөтелкемен келген. Ол жәбірленушіні өртеп жіберемін деп қорқытып, кейін үстіне жанғыш сұйықтық құйған. Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін толық дәлелдеп, сот ер адамға 60 сағаттық қоғамдық жұмыс түріндегі жаза кесті. Сонымен бірге оның мінез-құлқына бірқатар ерекше талаптар белгіленіп, жәбірленушіге жақындауға түбегейлі тыйым салынды. Қазіргі таңда сот үкімі заңды күшіне ене қойған жоқ. Осы орайда прокуратура өкілдері азаматтардың өміріне, денсаулығы мен қолсұғылмаушылығына қарсы кез келген әрекет, соның ішінде қорқыту мен қудалау қылмыстық жауаптылыққа әкелетінін ескертіп, қауіп төнген жағдайда шұғыл түрде құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.