Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Оралдық оқушыларға - жаңа автобустар

09:48, 22 маусым 2023 212
Орал қаласындағы 50 мектептің 9-ында шәкіртер күн сайын сабаққа арнайы автобуспен тасылатын. Күні кеше ғана солардың қатарына тағы 5 мектеп қосылды. Яғни, шаһардағы №12, 14, 20, 32 және 38 мектептердің директорларына су жаңа автобустардың кілттері тапсырылды. Салтанатты рәсімге қала әкімі Миржан Сатқанов қатысты.

Енді алдағы оқу жылынан бастап оралдық оқушылар білім ордасына Hyundai Trans Almaty зауытында құрастырылатын американдық Golden Dragon маркалы автобустармен қатынайтын болады. Жағымды жаңалық тек бір бұл емес. Жыл соңына дейінгі республикалық «Мектеп автобусы» бағдарламасы аясында тағы да ондаған көлік сатып алынбақшы.

Орал қалалық білім бөлімінің жетекшісі Ақжарқын Темірханованың берген мәліметіне сәйкес, шаһарда 9 мыңнан аса шәкірт мектепке автобуспен күнделікті келіп-кетіп жүр. Мәселен, №18, 22, 30, 38, 48 мектептерде балалар тасымалын мердігер ұйымдар жүзеге асырады. Бірақ, бұл әлі де аз көрсеткіш.

-Шаһарда оқитын 60 мың оқушының ішінен қазірдің өзінде тағы 2700 баланы мектепке тасымалдауымыз керек. Өйткені, оларға білім ордасы қашық. Сол себепті, былтырдан бері біз арнайы автобустар сатып алуды қолға алдық. Бұйырса, 2023 жылдың аяғына дейін бала тасымалын қажет ететін барлық білім ошақтарының сұранысын толвқ қанағаттандырып, автобустар алып береміз. Ол, бір жағынан оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, екінші жағынан білім беру үрдісін үзбейді, - дейді қала әкімі Миржан Сатқанов.

Әдемі, сары түске боялған 36 орындық автобустар шынымен де көздің жауын алады. Шығатын қос есігі, кондиционері, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер отыратын арнайы орындықтары, жоғарыда сөмке қоятын сөрелері бар. Сондай-ақ, жүргізуші іштегі 4 бейнекамера және сырттағы бейнекамера арқылы жағдайды қадағалап отыра алады. Егер, көліктің есігі ашық тұрған болса, автоматты түрде тежегіш басылып, көлік орнынан қозғалмайды.

Жаңа автобусқа қол жеткізген №20 мектептің директоры Нұргүл Өтеғалиеваның айтуынша, бұған дейін 38 оқушы қалаға жақын ауылдардан ескі автобуспен тасылған. «Тозығы жеткен көліктің жүруінен сынуы көп болды», - дейді ол.

Шаһардың Желаев кентіндегі №14 мектепте де осындай мәселе болған. «Біздің мектепте 425 шәкірт білім алады. Соның 70-і шамамен 3 шақырым қашықтықтан келіп оқиды. Әсіресе, қыстың қытымыр аяздарында қатты қиналатын едік. Енді жаңа автобус алып, қуанышымыз қойнымызға сыймай жатыр», - деді мектеп директоры Тамара Мұрадымова.

Әлия Молдағұлова атындағы №38 лицейдің оқушыларын күні бүгінге дейін  «Арғын» жеке кәсіпкерлігі ескі көлікпен тасып келген. «Жаңа автобус алғалы көзіміз ашылды. Мектептен бөлек, шәкірттерді түрлі спектакльдерге, мұражайларға, білім, өнер байқауларына жайлы автобуспен таситын болдық», - деп қуанышымен бөлісті лицей директоры Райхан Биғазиева.

Мектеп – баланың екінші үйі. Олай болса, оның жайлы да қауіпсіз болуы, бізге, ересектерге байланысты екенін ұмытпаған ләзім.

 

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар