Атырауда Әл-Фараби атындағы BINOM мектеп-лицейінің алдында бірінші сынып оқушысын көлік қағып кетіп, қыз бала оқиға орнында көз жұмды, деп жазады Alash.kz.
Атырау облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 6 сәуір күні таңғы сағат 7:45 шамасында болған.
Алдын ала деректерге сәйкес, 1974 жылы туған жүргізуші Toyota Hiace маркалы көлікті басқарып келе жатып, 2018 жылы туған кәмелетке толмаған баланы қағып кеткен. Қыз бала жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жолды кесіп өтпек болған. Бала оқиға орнында көз жұмды, - делінген облыстық ПД таратқан ресми хабарламада.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу жүргізіліп жатыр.
Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, әсіресе жаяу жүргіншілер өткелдерінде жылдамдықты төмендетіп, аса мұқият болуға шақырады. Ата-аналарға балалардың жолдағы қауіпсіздігін қатаң бақылауда ұстау қажеттігін ескертеді", – деп мәлімдеді ПД баспасөз қызметі.