Алматыда Владимир Жириновский тұрған үйге ескерткіш тақта орнату ұсынылды, деп хабарлайды Alash.KZ.
Алматыда ресейлік саясаткер Владимир Жириновский тұрған үйге естелік тақта орнату мәселесі көтерілді. Бұл туралы Stan.kz хабарлады.
Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Сергей Леонов саясаткердің туған және балалық шағы өткен үйіне арнайы барған. Аталған нысан қала орталығындағы Масанчи көшесі, 79-үй мекенжайында орналасқан.
Мәліметке сәйкес, Жириновский осы ғимараттың екінші қабатындағы үш бөлмелі №3 пәтерде тұрған.
Үйді аралап шыққан Леонов саясаткердің есімін ұлықтау мақсатында ғимарат қасбетіне ескерткіш тақта орнатуды ұсынды. Оның айтуынша, бұл бастама Жириновскийдің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында ерекше символдық мәнге ие.
«Егер осы үйдің қасбетіне дәл осы жерде көрнекті ресейлік саясаткер Владимир Вольфович Жириновский дүниеге келгені туралы тақта орнатылса, көпшілік бұл тарихи орын туралы біліп, оның өмірімен жақынырақ танысар еді», – деді Сергей Леонов.