Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Оны атып өлтіріп кетті". Әлия Назарбаеваның рейдерлік әрекеттері ашылып жатыр

12:45, 03 маусым 2024 1280

Кәсіпкер Нұрлан Бимурзин Әлия Назарбаеваның рейдерлік әрекеттері туралы 20 жыл бойы неге айтпағанын түсіндірді, - деп хабарлайды Alash.kz.

Бимурзиннің сөзінше,20 жыл бойы бұл іс туралы жария етуге ешкімнің күші жетпеген. 

"Оны кім жария қылар еді? Керек адамдар бұл жайлы білді. 21 жыл бұрын және 2019 жылға дейін бізге мұны жария етуге кім рұқсат беретін еді? Газеттерге жариялаған күннің өзінде тәулігіне 25 сағат, аптасына 8 күн отбасымды күзетіп жүруім керек болар еді. Қазір біз әділдік үшін күресіп жүрміз. Көп адам біз не үшін қылмыстық іс қозғалғанын талап етіп жүргенімізді түсінбей жатады. Заң бойынша арыз жазылды ма – қылмыстық іс міндетті түрде қозғалуы керек. Тергеу жүруі керек. Барлық адам тергеуден өтуі керек. Тергеу толық өтуі үшін Әлиядан да жауап алынуы керек. Бірақ оған ешкімнің әлі жетпейді. Сондықтан осындай жағдай болып отыр", - дейді Нұрлан Бимурзин Elmedia-ға берген сұхбатында.

Сонымен қатар, Бимурзин бизнес империясының негізін қалаған әкесі туралы айтты деп жазды Dalanews.kz.

"Оны атып өлтіріп кетті. Менен көп адам "бұл  жағдайға кім кінәлі деп ойлайсың?" деп сұрайды. Ешкімді кінәламаймын, бұған болған жайт қана кінәлі. Егер біздің бизнесімізді тартып алмаса, мұндай жағдай болмас еді", - дейді кәсіпкер.

Нұрлан Бимурзин қазіргі таңда Әлия Назарбаеваның рейдерлік әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғау амалдары қалай жүріп жатқанын айтты. Оның сөзінше, Бас прокуратура бұл істі Алматының ішкі істер басқармасына "лақтырып" жіберген.

"Біріншіден, біз Бас прокуратураға арыз жазамыз. Мен жоғарыдағылар өз араларында бұл жағдайды түсініп отыр деп ойлаймын. Ақыр соңында бұл іс Бас прокуратурадан Алматыдағы Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына бірақ түскен. Іс не үшін ол жерге түскенін түсінбедік, құрысыншы дедік. Барлық дәлел базасын көрсеттік. Ал бірнеше күннен кейін ол жерден қылмыстық іс қозғалмайтыны туралы рапорт алдық. Алмалы аудандық прокуратураға арыздандық, олар ішкі істер басқармасының шешімін жоққа шығарды. Сосын іс Алматының Экономикалық тергеу басқармасына түсті. Біз бұл әрекеттеріне таңғалдық", - дейді кәсіпкер.

Айта кетейік, биыл 28 ақпанда "TPK Asia" ЖШС құрылтайшысы Нұрлан Бимурзин серіктесі Мегдат Қалиев екеуі Назарбаева мен Рогованың рейдерлік шабуылының құрбаны болғанын мәлімдеген болатын.

Бимурзиннің айтуынша, 2003 жылы Әлия Назарбаева өз ықпалын пайдалана отырып, құны 170 миллион доллар болатын (2003 жылғы есеп бойынша - еск.) жеті мұнай базасы мен 96 жанармай құю бекетін тартып алған.

"Басында қаржы полициясы қысым көрсетті. Сосын Әлия Назарбаеваның өкілі келіп, бізге қорған болуға шамалары жететінін жеткізді. Ол үшін бизнестің 50 пайызы берілуі керегін айтты. Бір жылдан кейін Әлия Назарбаева енді қалған үлесті де беру керегін ескертті. Сол жылы менің әкемді олар алып кетіп, Назарбаеваның кеңсесіне апарған. Әкеммен сөйлескен. Екі ұлың үшін алаңдасаң, бизнесіңді бер деген. Амал жоқ, әкем келіседі. 

Келесі күні мен бардым. Ол жерде Әлия болған жоқ, бірақ оның орнына Рогова болды. Мен сол жерде үлесімді бар жоғы 18 125 теңгеге сатуға мәжбүр болдым", - дейді Нұрлан Бимурзин.

14 наурызда Бас прокуратура Назарбаеваның рейдерлік әрекеті туралы арызын тіркегенін хабарлады. Алайда 5 сәуірде полиция экс-президенттің кенже қызына қатысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартқаны белгілі болды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар