Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Өмірімді күрт өзгерткен жағдай… Өте ауыр тиді…»: Бала Жамбыл толқынысқа толы мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

16:03, 09 шілде 2026

«Бала Жамбыл» лақап атымен танымал ақын журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында соңғы жылдары көпшілік назарынан неге алыстап кеткенінің шынайы себебін ашық айтты, деп хабарлайды Alash.kz.

Шығармашылық иесінің өміріндегі ең қиын әрі ауыр кезең 2020 жылы орын алған. Сол уақытта ол өзіне өте жақын болған, сырласы әрі қамқоршысы іспетті жалғыз әпкесінен айырылып, бұл қаза бүкіл отбасына үлкен соққы болып тиеді. Ауыр қайғыдан есеңгіреп қалған ақын жұмысын тастап, ұзақ уақыт бойы үйден шықпай, торығуға түскенін жасырмады.

Өз басынан өткен қиындықты баяндаған ақын сол сәттерді былай деп еске алды:

«2020 жылы өмірімді күрт өзгерткен жағдай болды. Мойныма таққан тұмарымдай болған жалғыз әпкемнен, сырласым әрі ең жақын адамымнан айырылып қалдым. Осы жағдайдан кейін өзімді тастап жібердім. Жұмыстан да шығып кеттім. Тек үйде жаттым, жылай беретінмін».

Жақын адамының қазасынан кейін Бауыржан әлеуметтік желілерден де, жалпы көпшілік жиналған ортадан да мүлде қол үзген. Оның айтуынша, бұл қайғы анасының денсаулығына да қатты әсер етіп, оны төсекке таңып тастаған. Ақын бұған дейін өзін бағып-қаққан әжесінен айырылғанын, сондықтан әжесі мен әпкесі оның өміріндегі ең қымбат жандар болғанын айтты.

Қатты күйзеліске түскен ол әлеуметтік байланысты ғана емес, шығармашылығын да тоқтатқан. Тіпті шамамен он жылдай уақыт бойы ақындықтан алшақтап, өмір сүруге деген ынтасы мүлде жоғалған кездері болғанын жеткізді.

«Әпкемнің қазасы отбасымызға өте ауыр тиді. Әлеуметтік желіні ұмыттым, ешкіммен байланыспадым. Өзімді қолға алуға бірінші себеп болған адам – анам. Әпкем қайтқан соң анам мүлде жатып қалды», — деді Бала Жамбыл.

Осындай үмітсіздікке бой алдырған шағында ақынды тығырықтан алып шыққан негізгі күш — анасының алдындағы перзенттік парызы мен әулетіне деген жауапкершілігі болған. Жақындарының өзіне қарап отырғанын және тек өзін ойлауға хақысы жоқ екенін түсінген ол біртіндеп есін жиып, өмірге қайта араласа бастаған.

Өз сөзін түйіндеген ақын:

«Өмірден көңілім қалып, күдер үзген сәт болды. Бірақ олай болмайтынын түсіндім. Тек өзімді ойлап кетіп қалсам, әулетім жылап қалады», — деп, қиындыққа мойымай, алға ұмтылудың маңыздылығын атап өтті.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар