Алматы облысында әскери борышын өтеп жүрген 19 жастағы Дінмұхамед Шынарбек қаза тапты. Әскери бөлім басшылығы жас сарбаздың өз-өзіне қол жұмсағанын мәлімдеді. Алайда марқұмның туыстары ресми нұсқаны жоққа шығарып, оның өлімі қолдан ұйымдастырылды деп санайды, деп хабарлайды Alash.KZ.
Марқұмның әпкесі Тоғжан Қошанбаева бауырының асылып қалғанына сенбейтінін айтады. Ол қаза болған күні әскери бөлімдегі сарбаздармен тілдескен.
“Қасында жүрген қырық сарбаздың барлығымен мен кеше сөйлестім. Ол өз өмірін өзі қиятын бала емес деді. Бұл жерде бір жағдай болды. Өлтірді. Одан кейін оны ілді”, – дейді ол.
Әпкесінің айтуынша, офицерлік құрам да Дінмұхамедтің мінез-құлқын тек жақсы жағынан сипаттаған. “Жап-жақсы бала, ашық-жарқын. Ешқандай қиналыс, ондай көрсетпеген бала. Күліп, борышын жақсы атқарып жүрген бала”, – деген пікір айтқан.
Алайда Тоғжан Қошанбаева мұндай сипаттамалар әскери бөлімнің ресми мәлімдемесіне мүлде сәйкес келмейтінін алға тартады.
“Оларға айттым, неге онда осындай болды… Олай болса сендер өлтірдіңдер. Ондай жағдай болса, өлтіріп, асып қойдыңдар. Ол бала өзі барып, асылатын жағдай емес. Кеше маған көрсеткен, айтқан жағдайда, адам өзі барып, қолын байлап, өзі үлкен діңгек ағашқа асылуы мүмкін емес. Ол бала ондай нәрсені істей алмайды. Бұның барлығы қолдан жасалып отырған нәрсе”, – дейді ол.
Қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Жастардың әскердегі қауіпсіздігі, сарбаздардың құқықтары мен әскери бөлімдердегі бақылау деңгейі қайтадан талқыға түсті.
Қазіргі уақытта істің мән-жайын анықтау үшін сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Құзырлы органдар тергеудің толық нәтижесін жариялайтынын хабарлады. Ал марқұмның туыстары әділдік орнап, шындық ашылуы тиіс деп отыр.