Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Өлі денесін алып қайттым, мейірбике білгенін істеген”. Таразда антибиотиктен көз жұмған екі ер адамның өліміне қатысты тың дерек шықты

17:11, 13 сәуір 2025 2984

Таразда ем-шара кабинетіне барып антибиотик салдырған екі ер адам өмірімен қоштасты. Араға бірер күн салып қайталанған қайғылы оқиға жұртты шошытып отыр. Өйткені екі адам да анафилактикалық шоктан қайтыс болған. Медициналық қызмет көрсеткен орталықтың лицензиясы болмапты. Қазір тараздағы барлық процедуралық кабинетті тексеру басталып кетті. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.  

Бейнежазбада 29 жастағы Исламбектің ем-дом кабинетіне келгенін көруге болады. Пойызда жолсерік боп жұмыс істейтін ол сапарға шығар алдында тамағын шайдырмақ болған дейді. Алайда қолында дәрігердің нұсқаулығы болмаған. Соған қарамастан, сынама жасамай, науқасқа бірден екпе салған. Антибиотикті көтере алмаған науқас ес-түсінен айырылған. Марқұмның әкесі ұлының мезгілсіз өліміне ем-дом кабинетінің мейірбикесін кінәлайды. Анықталғандайғ жұмыс істеуге рұқсаты жоқ мекеменің қызметкерінінде  науқасқа нұсқаулық беріп, екпе салуға заңды құқы болмапты.

Темірхан Үсенов, марқұмның әкесі: 

— Бала сол жерде 15 минуттай қиналған. Қиналған кезінде ешбір медик көмек жасамай, білгенін істеген. Бұл жерде алғашқы көмек көрсету үшін адреналин де болмаған және алғашқы көмекке препараттар да болмаған.

Ал ем-шара бөлмесінің иесі марқұмның өліміне «еш қатысымыз жоқ» дейді. Айтуынша, олар науқасқа қолынан келген бар амалын жасаған. 

Адиля Ақылова, ем-шара бөлмесінің иесі:

 — Видеодан көргендеріңіздей, ол басында қимылдап жатқан. Алайда жедел жәрдем бригадасы уақыт өткізіп алды. Олар келе сала, ЭКГ аппартын қоя бастаған. Оның не қажеті бар? Біз оларды алдын ала антибиотикке рекция болып жатқанын ескерттік.

Дәл осындай жағдай араға бес күн салып басқа емдеу орталығында қайталанған. 50 жастағы Ерлан Атабеков дәрігердің нұсқауымен дәрі-дәрмек алып емшара орталығына барған. Алайда ондағы қызметкерлер сынама екпені қолына емес, жамбасына бірден салып жіберген дейді марқұмның жесірі. 

Мөлдір Мекемтас, марқұмның жесірі:

— Мұнда күйеуміз екеуіміз бірге келіп, ақыры мен оның өлі денесін алып қайттым. Сот-медициналық сараптама күйеуімнің анафилактикалық шоктан қайтыс болғанын дәлелдеді. Қазір біліксіз мамандардың кесірінен екі баламмен жесір қалдым.

Марқұмның жесірінің айтуынша, бұл жердегі медицина қызметкерлері бұл жағдайда не істеу керек екенін де білмейді. Оның айтуынша, жедел жәрдем келгенше, мейірбикелер еш шара қолданбаған. Жансақтау бригадасы келгенше, оның күйеуі осында жатып жан тапсырған. Қайғылы жағдайдан кейін бұл ортылықтың есігіне құлып салыныпты. 

Гүлмира Базарханова, Жамбыл облысы медициналық қызмет және фармацевтиканы бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы:

— Бұл ем-дом кабинеттерінің екпе процедурасын жасауға арнайы лицензиясы болмаған. Әсіресе бұлшық етке және көктамырға екпе салуға арнайы дайындықтан өткен маман болуға тиіс. Алайда мейірбикелердің ондай құқығы жоқ. Сондықтан қазір бұл орталықтар тексеріске жабылды. Соңғы қайғылы жағдайдан кейін бүкіл мекемелер тексеріліп жатыр.

Тараз қаласында процедура кабинеттері карантин кезінде жаппай ашыла бастаған. Мамандар оның көпшілігінде арнайы лицензия жоқ деп отыр. Ал полиция департаменті екі адамның өмірін жалмаған қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар