Талайдың уақыты өтіп жатқан әлеуметтік желінің заманы. Алайда, бізге жаңа технологияның арқасында келген желіні әркім әр түрлі мақсатта пайдаланады. Біреу желі арқылы танымал болып жүр, енді бірі - осы мүмкіндікті тәлім-тәрбие, отбасылық құндылықты дәріптеуге арнауда. Бүгінгі таңда әлеуметтік желі арқылы танылғандардың бірегейі – Нұрлан имам.
Ғасырға жуық тарихы бар Шекара академиясына аз уақыттың ішінде әлеуметтік желі арқылы танымалдылыққа ие болған психолог, теолог, дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы келді. Дініміз бен дәстүрімізді дәріптеу арқылы желідегі жұртшылықтың жүрегіне жол тауып жүрген Нұрлан имам мен жиынға қатысушылар еркін форматта әңгімелесті.
Шара барысында имам ұлттық руханият, мұсылмандардың бес парызының бірі ораза, ата-анаға құрмет, кішіге ізет, үлкенге құрмет, Отанды сүю, Әскери антқа адалдық және еліміздің Мемлекеттік шекарасы, жат ағым зардабы, ел бірлігі мен ынтымағы, ата-баба дәстүрі, қасиетті ислам дінінің құндылақтары туралы әсерлі әңгіме өрбітіп, өмірінде кездескен әртүрлі жағдайларды мысал ете отырып, ұлағатты тәрбиелік насихат жеткізді. Сондай-ақ, Нұрлан қажы курсанттарды толғандырған өмірлік жар таңдаудағы маңыздылыққа ерекше тоқталып, әлеуметтік тақырыптар аясында қойылған сауалдарға тұщымды жауап берді.
Шара соңында кездесуді ұйымдастырған тәрбиелік, әлеуметтік-құқықтық және идеологиялық жұмыстар басқармасының бөлім бастығы подполковник Қ.С. Масалимов, Нұрлан Байжігітұлына болашақ шекарашы-офицерлерді тәрбиелеуде бастамашылдық танытқаны үшін рақметін айтып, шығармашылық шабыт, қызметіне толағай табыстар тілей отырып, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясы бастығы полковник П.К.Поливановтың атынан алғыс хатты табыс етті. Өз кезегінде бітіріші түлектері болашақ шекарашы офицерлер Нұрлан имамды ағымдағы жылддың маусым айында өтетін бітіру кешінің құрметті қонағы болуға шақырды.
Жанат Жабырбеков,
ҚР ҰҚК Шекара академиясының баспасөз хатшысы