Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Нұрай Серікбай ісі: Өмір бойына сотталған Шерхан Аймаханға қатысты ел естімеген дерек шықты

14:58, 18 қыркүйек 2026

Кісі қолынан ажал құшқан Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты апелляциялық сот отырысының өтетін күні белгілі болды, деп хабарлайды Alash.kz.

Марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай жариялаған мәліметке сәйкес, апелляциялық сот отырысы Шымкент қалалық сотының ғимаратында 24 қыркүйек күні сағат 10:00-де басталады.

Еске сала кетейік, қаңтар айында Шымкентте 21 жастағы студент қызды жас жігіт аса қатыгездікпен пышақтап өтіп, бойжеткен оқиға орнында көз жұмған еді. Тергеу барысында күдікті Шерхан Аймаханның бұған дейін Нұрайдың соңынан қалмай, оны алып қашқаны белгілі болып, полиция адам өлтіру, некеге тұруға мәжбүрлеу және сталкинг фактілері бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Тергеу кезеңінде күдікті уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық денсаулық орталығына ауыстырылып, марқұмның жақындары оның жауапкершіліктен құтылып кетуінен қауіптенген болатын. Алайда сот-психиатриялық сараптама қорытындысы Аймаханның есі дұрыс және заң алдында жауап беруге қабілетті екенін растады. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов алдын ала тыңдауда жариялағандай, айыпталушы бойжеткенді кездесуге шақырып, бас тартқан соң үйінің жанына барып, пышақпен бірнеше рет соққы берген, кейін қайта оралып, тағы да соққы жасаған.

Сот процесін тікелей эфирде көрсетуді Нұрайдың отбасы мен адвокаттары талап еткенімен, сотталушы тараптың қарсылығына байланысты судья бұл өтінішті қабылдамады. Нәтижесінде, 13 тамызда өткен сот отырысында Шерхан Аймахан аса қатыгездікпен адам өлтіру, некеге тұруға мәжбүрлеу және сталкинг баптары бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сонымен бірге ол марқұмның отбасына 25 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелген еді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар