Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Нью-Йорк мэрі Нетаньяхуды әскери қылмыскер деп атады (видео)

17:46, 22 шілде 2026

Нью-Йорк мэрі Зохран Мамдани Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды «әскери қылмыскер» деп атап, оның Нью-Йоркке келуіне қарсы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.

Мамдани қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысу үшін Нью-Йоркке келуі мүмкін Нетаньяхуға қатысты Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) ордерін орындау мәселесіне түсініктеме берді.

Оның айтуынша, қала билігі ордерді орындаудың барлық құқықтық тетіктерін қарастырған. Алайда Нью-Йорк әкімдігінің Израиль премьер-министрін өз бетінше қамауға алуға заңды өкілеттігі жоқ.

Сонымен бірге Мамдани Нетаньяхуды «әскери қылмыскер» деп атап, оны Газа секторындағы әскери әрекеттер үшін жауапты деп айыптады. Оның сөзінше, Израиль премьер-министрінің орны Нью-Йоркте емес, Гаагадағы сотта.

«Бізде бұл ордерді өз бетінше орындауға заңды өкілеттік жоқ. Бірақ мұндай өкілеттік федералды үкіметте бар. Сондықтан АҚШ-ты Халықаралық қылмыстық сотқа қосылып, ордерді орындауға шақырамын», – деді Нью-Йорк мэрі.

Мамдани сондай-ақ Нетаньяху мен өзі әскери қылмыскер деп санайтын өзге тұлғаларға Нью-Йоркте орын жоқ екенін айтты.

Өз кезегінде АҚШ президенті Дональд Трамп бұл пікірмен келіспейтінін білдіріп, Нетаньяху АҚШ аумағында болған кезде ешқандай жағдайда қамауға алынбайтынын мәлімдеді.

Еске салайық, 2024 жылғы 21 қарашада Халықаралық қылмыстық сот Биньямин Нетаньяху мен Израильдің бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галантты Газа секторындағы ықтимал әскери қылмыстар мен адамзатқа қарсы қылмыстарға байланысты қамауға алу туралы ордер шығарған болатын.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар