Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, кем дегенде 157 адам қаза болды. 400-ден астам турист хабар-ошарсыз кетті, деп жазады Alash.KZ.
Қытайлық БАҚ 550-ден астам адамның, оның ішінде 260 шетелдік азаматтың жоғалғанын жазды.
Непалдың Қытаймен шектесетін таулы Расува ауданында болған жойқын су тасқыны салдарынан кемінде 157 адам қаза тапты. Тағы 384 адамнан әзірге хабар жоқ.
Непал Туризм министрлігінің мәліметінше, із-түзсіз кеткендердің арасында Германия, Испания, Нидерланд, АҚШ, Аустралия және Ұлыбритания азаматтары бар. Сонымен қатар жоғалған туристердің басым бөлігін Үндістан азаматтары құрайды. Табиғи апат кезінде 26 полиция қызметкері де байланысқа шықпаған.
Төтенше жағдайға Бхоте-Коси өзеніндегі су деңгейінің күрт көтерілуі себеп болған. Тибеттен бастау алатын өзен Непал аумағы арқылы ағып өтеді.
Су тасқынынан өзенге жақын орналасқан Тимуре және Сьяпрубеси елді мекендері айтарлықтай зардап шекті. Қатты ағын базарлар мен үйлерді шайып, полиция бөлімшелері мен гидроэнергетикалық нысандарға зиян келтірді. Бірнеше көпір мен автомобиль жолы да қираған.
Апаттың нақты неден болғаны әзірге анықталған жоқ. Алайда мамандар табиғи апатқа мұздық көлінің жарылуы себеп болуы ықтимал деген болжам жасап отыр.
Қазіргі уақытта апат аймағында жоғалған адамдарды іздеу және зардап шеккендерге көмек көрсету жұмыстары жүріп жатыр.
Непал премьер-министрі Балендра Шах құтқару операциясына армия мен қауіпсіздік күштерін жұмылдыруды тапсырды. Ал Қызыл Крест ұйымы табиғи апаттан зардап шеккен ауданға гуманитарлық көмек жөнелтті.
Айта кетейік, бұған дейін Колумбияда да қуатты жер сілкінісі болған еді. 7,4 балдық зілзала елдің батысындағы бірқатар аумаққа айтарлықтай залал келтіріп, Кали мен Перейра сияқты ірі қалаларға әсер етті. Табиғи апат салдарынан 280 адам қаза тапқан.