Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Наурызға қатысты ұмыт болған дәстүр, салт көп - этнограф

15:32, 18 наурыз 2024 432

Биылдан бастап наурыз мерекесіне өзгерістер енгізілді, төл мерекеміз бұдан былай он күн бойы тойланатын болады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, этнограф Тәттігүл Қартаева өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында қазақтар ежелде Наурызды қалай тойлағанын айтып, ұмыт қалған дәстүрлер туралы әңгімеледі.

Қазақстанда биылдан бастап халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі жарияланғанын айттық. Осылайша Наурыз мейрамы он күн бойы, яғни 14-23 наурыз аралығында тойланады. Онкүндік "Наурызнама" деген атауға ие.

"Наурызнаманың" әр күні жекелеген тақырыптар мен құндылықтарға арналған. Мәселен, 14 наурыз - Көрісу күні, 15 наурыз – Қайырымдылық күні, 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні, 17 наурыз – Шаңырақ күні, 18 наурыз – Ұлттық киім күні, 19 наурыз – Жаңару күні, 20 наурыз – Ұлттық спорт күні, 21 наурыз – Ынтымақ күні, 22 наурыз – Жыл басы, 23 наурыз – Тазару күні.

Ал ғалымның айтуынша, күн мен түннің теңелуі 1079 жылы есептелген, Юлиан күнтізбесі бойынша 8-нен 9-на өтетін күн деп, Григориан күнтізбесі бойынша 21 мен 22-не өтетін күн деп тұрақтаған. 

"Наурыз мерекесіне байланысты дәстүрлер, ғұрып, ритуалдар өте көп. Қазіргі таңда ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жеткені бар және де көшпелі өмірдің, көшпелі шаруашылықтың тоқтауымен байланысты жойылып кеткен дәстүрлер де бар.

Біздің жерімізде жұп шырақ жағу дәстүрі жойылып кеткен. Яғни екі жерден от жағып, олардың арасынан бірінші малдарын өткізіп, малдың отарын өткізіп болғаннан кейін сол екі оттан адамдардың өзінің өтуі. Бұл дәстүр қазіргі кезеңде сақталмады. Байырғы көне ритуал - қауақ сындыру. Кейбіреулер асқабақ деп ойлап жүр. Асқабақ деген - тағам. Қазақта еш уақытта тағамды аяқ асты етпеген. ...Ол ғұрып та қазір сақталмаған. Сондай-ақ, Мұхтар Әуезов жазып қалдыратын бірнеше ғұрып бар: "қайраханды көшіру", "моғал ошақ қазу" деген ритуалдар өткен кезеңмен кетіп отыр", - дейді ол.

Сонымен қатар, этнограф бұл мерекеге байланысты әр өңірдің сақтап қалған салт-дәстүрлері бар екенін де айтты.

"Біздің жеріміз өте кең. Әр өңірдің өзінің сақтап қалған бір дәстүрі бар.

Мысалы, наурызға қатысты шығыс қазақтарының сақтап қалған ғұрпы бар. Ол ғұрып - соғымнан наурызға деп бас сақтау.

Қазақ жерінің басқа өңірінде соғым сойған кезде шекеге шақыруды дәл сол соғым сойған кезде атқарады. Яғни күздің, қыстың уақытында шекеге шақырып болады. Шығыстың қазақтары шекені сақтап, осы кезеңде бір-бірін шекеге шақырады.

Ол наурызбен байланысты көне ғұрып болатын, Мәшһүр Жүсіптің, Алашордашылардың жазба деректерінде де бар. Көне ғұрыпты шығыс сақтап, жеткізіп отыр. Қазақтың көптеген жойылған, аз сақталған салт-дәстүрі бар", - деді Тәттігүл Қартаева.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар