Қазақстандықтардың дербес мәліметтерінің қауіпсіздігі мен шетелге тарап кету қаупіне қатысты Құрылтайда жедел мәселе көтерілді, деп хабарлайды Alash.kz.
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ләззат Жылқыбаева бұл бағыттағы олқылықтарды жіпке тізіп, Бас прокурор Берік Асылов пен Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке ресми депутаттық сауал жолдады.
Өз сауалында ол еліміздің жаңа Конституциясында азаматтардың жеке, отбасылық құпиясы мен дербес деректерінің қорғалуына алғаш рет заңды түрде кепілдік берілгенін, ал цифрлық дәуірде бұл норманың маңызы арта түскенін атап өтті.
Депутат Ләззат Жылқыбаева жақында орын алған сервистік іркіліске тоқталып:
«Бәрімізге мәлім, 11 қазан қазақстандықтар «Яндекс» компаниясының такси және жеткізу сервистеріне қол жеткізе алмады. Компания мұны шетелдегі инфрақұрылымдағы ақаумен түсіндірді. Министрлік қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректері сақталатын серверлер ел аумағында орналасқанын және қалыпты жұмыс істеп тұрғанын мәлімдегенімен, сервистердің жұмысына қажетті кейбір компоненттердің Қазақстаннан тыс жерде екенін растады. Күн сайын азаматтардың телефон нөмірі, мекенжайы, жүріп-тұру бағыты мен төлем деректерін өңдейтін сервистің шетелдегі бір ақаудан тоқтап қалуы бұл деректердің нақты қай елде, қандай құқықтық режимде өңделетінін ашық анықтауды талап етеді», — деді.
Сонымен қатар халық қалаулысы жеке мәліметтердің жүйелерді бұзбай-ақ, мемлекеттік ұйымдардың кесірінен ашық тарап жатқанына ашуланды. Мәселен, Қызылорда облысының Шиелі ауданында медициналық тексеру қызметін сатып алу барысында 7 білім беру ұйымы 529 қызметкердің дерегін мемлекеттік сатып алу порталында ашық жариялаған. Ал Семейдегі 31 мектептің сайтында 3 752 қызметкер мен 344 кәмелетке толмаған баланың аты-жөні, ЖСН-і, туған күні, мекенжайы мен телефоны ашық қолжетімді болып шыққан.
Бұл бейбастақтыққа тоқталып, жүйелі сорақылықты әшкерелеген Ләззат Жылқыбаева:
«Бұл деректерді алу үшін ақпараттық жүйені бұзудың да қажеті болмаған. Оларды қорғауға тиіс ұйымдардың өздері ашық жариялаған. Сонымен қатар, әрқайсымыз мемлекеттік қызмет алғанда, банкке жүгінгенде, емханаға тіркелгенде, баламызды мектепке орналастырғанда өзіміз туралы мәліметтерді тапсырамыз. Бірақ одан кейін не болады? Деректерімізді кім қарайды? Қандай мақсатта пайдаланады? Кімге береді? Қанша уақыт сақтайды? Біз мұны қалай бақылай аламыз? Әсіресе балалардың мәліметтеріне мұқият қарау қажет. Баланың тұратын жері, оқу орны, денсаулығы мен отбасының әлеуметтік жағдайы туралы ақпараттың таралуы оның қауіпсіздігіне де, жеке өміріне де қауіп төндіруі мүмкін», — деп дабыл қақты.
Осы түйткілдерді түбегейлі шешу үшін депутат 5 негізгі шара қабылдауды ұсынды:
11 қазандағы жағдайға байланысты азаматтардың дербес деректерінің трансшекаралық берілу-берілмеуін тексеру және заңсыздық анықталса, құқықтық баға беру.
Мемлекеттік органдардың, мектептер мен емханалардың, сондай-ақ оларға қызмет көрсететін мердігерлердің деректерді жинау, өңдеу, сақтау және үшінші тұлғаларға бермей жою талаптарын сақтауын тексеру.
2026 жылғы маусымда заңнамаға енгізілген ашық көздердегі дербес деректерді бүркемелеу, цифрлық объектілерде хештеу әдістерін қолдану талаптарының білім беру мекемелерінде іс жүзінде орындалуын қатаң бақылау.
Аймақтардағы мамандардың біліктілігін арттырып, жергілікті атқарушы органдарға тексерулер жүргізуге арналған бірыңғай әдістеме мен нақты нұсқаулықтар әзірлеу.
Деректері заңсыз тарап кеткен азаматтарды уақытылы хабардар ету, бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеу тетіктерін іске қосу.
Сөзінің соңында депутат Бас прокуратураға тікелей қайырылып:
«Бас прокуратурадан аталған фактілер бойынша қабылданған шараларға, азаматтарды хабардар етуге және олардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге қатысты мәлімет ұсынуды сұраймыз. Цифрлық мемлекетке деген сенім азаматтың өз деректерінің қорғалатынына деген сенімінен басталады», — деп түйіндеді.