Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Ресей мен Украинаны Қара теңізді әскери қақтығыс аймағына айналдырмауға шақырды. Бұл туралы Alash.KZ «Анадолы» агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Түрік көшбасшысы 13 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путинмен өткен кездесуден кейін Қара теңіздің стратегиялық маңызын атап өтті.
«Қара теңізді есеп айырысу алаңы ретінде қарастыруға болмайды. Мұндай жағдай Ресей мен Украинаға тек зиян келтіріп, ешқандай пайда әкелмейді. Қара теңізде кеме қатынасының қауіпсіздігі баршаға қажет және ол міндетті түрде қамтамасыз етілуі тиіс», – деді Ердоған.
Сондай-ақ ол Путинмен кездесуден кейін АҚШ президенті Дональд Трамппен де Украинадағы бейбітшілік жоспарын талқылауға мүмкіндік туады деп үміт білдірді.
Ердоғанның айтуынша, жақын арада қақтығыстың бейбіт жолмен шешілу ықтималдығы жоғары.
«АҚШ президенті Дональд Трамптың бұл мәселеге белсенді араласып отырғанын білесіздер. Біз Американы да осы үдерісті қолдауға ынталандырып келеміз. Көшбасшылармен кейде телефон арқылы да байланысып тұрамыз. Путинмен өткен кездесуден кейін Трамппен де бейбіт жоспарды талқылауға мүмкіндік туады деп сенемін. Бейбітшілік алыс емес, тек бағытты соған қарай бұру қажет», – деді Түркия президенті.
Осы күні Түркияның Сыртқы істер министрлігі де Мәскеу мен Киевті Қара теңіздегі ұрыс-қимылдарды тоқтатуға шақырды. Анкара Одесса облысындағы Черноморск портына жасалған кезекті ресейлік соққы салдарынан шетелдік кеменің зақымданғанын мәлімдеді.
Ведомствоның алдын ала мәліметінше, экипаж мүшелері мен жүк көліктерінің жүргізушілері эвакуацияланған, Түркия азаматтары арасында зардап шеккендер жоқ.
Бұған дейін Украина тарапы Одесса облысындағы порт инфрақұрылымына жасалған әуе соққысы кезінде түрік кемесі зақымданғанын хабарлаған. Ал Түркияның Cenk кеме қатынасы компаниясының мәліметінше, аталған кеме жеміс-жидек, көкөніс және өзге де азық-түлік өнімдерін тасымалдаған.
Соңғы апталарда Қара теңізде ресейлік жүк тиелген кемелерге бірнеше рет шабуыл жасалғаны туралы ақпарат тарады. Атап айтқанда, 2 желтоқсанда Түркия жағалауынан шамамен 80 теңіз милі қашықтықта Ресейден Грузияға бағыт алған Midvolga 2 танкеріне соққы жасалғаны хабарланды.
Ал 28 қарашада Босфор маңында Гамбия туы астында жүрген Kairos және Virat атты екі танкерге шабуыл жасалды. Reuters агенттігінің дерегінше, бұл кемелер Ресейдің «көлеңкелі флотына» жатады және Батыс елдерінің санкцияларына іліккен.