«Мұнай өндіретін елдер Трамптың саясатын қолдап, мұнай бағасы төмендесе, Қазақстан экономикасына ауыр соққы болады. Трамптың миграциялық саясатының қатаңдауы АҚШ-та қарапайым жұмыс істеп, сол елде қалғысы келетін қазақстандық азаматтардың алдына тосқауыл болатыны анық.» Бұл пікірді белгілі саясаттанушы Дос Көшім Alash.kz ұлттық порталына берген сұхбатында айтты.
- Дональд Трамптың билікке келуі Қазақстанға қалай әсер етеді? АҚШ пен Қазақстан арасындағы байланыстан не күтеміз?
- Менің ойымша, үлкен әсер болмайды. Себебі АҚШ-тың сыртқы саясаты, стратегиялық бағыты 40-50 жыл бұрын белгіленіп қойған және ол өзгермейді. Кез келген президент келсе де, оны өзгерте алмайды. Сондықтан олардың негізгі бағыты сақталады деп ойлаймын. Екі ел арасындағы байланыс та осы деңгейде қалады.
Мүмкін, егер Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтата алмаса, Трамп санкцияларды қатаңдатуы әбден мүмкін. Бұл жағдайда Қазақстанға деген бақылау күшейіп, санкцияланған тауарлардың Қазақстан арқылы Ресейге жіберілмеуін қатаң бақылауға алуы ықтимал. Тек осы тұрғыдан ғана өзгерістер болуы мүмкін.
- Дональд Трамптың Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты тоқтату мақсатында мұнай бағасын төмендету туралы бастамасы әлемдік геосаяси жағдайға қалай әсер етуі мүмкін және бұл өзгерістер Қазақстанның сыртқы саясаты мен экономикасына қалай ықпал етпек?
- Иә, шынында да, менің ең алаңдайтыным – Трамп мұнай бағасын төмендету арқылы Ресейді «жалаңаш» қалдырмақшы. Басқаша айтқанда, оны қаржылық қыспаққа түсірмекші. Бұл жағдай Қазақстанға тікелей әсер етеді. Себебі, біздің бюджетіміздің кемінде 70 пайызы мұнай мен газдан түсетін табыстардан құралады. Сондықтан мұндай шикізат көздерінің бағасының төмендеуі еліміздің экономикасы мен қаржы жүйесіне айтарлықтай соққы болып тиері сөзсіз.
Алайда, бұл жоспар іске аса ма, жоқ па? Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК) және мұнай өндіретін, сататын елдер Трамптың бұл саясатына келісімін бере ме, оны қолдай ма? Бұл - екінші мәселе. Бірақ, шындығын айтқанда, мұнай бағасының төмендеуі Қазақстан экономикасына ауыр соққы болары айдан анық.
- Трамптың миграциялық саясатының қатаңдауы АҚШ экономикасына қалай әсер етеді? Қазақстан азаматтарының АҚШ-та жұмыс істеп, білім алуға баруына қандай кедергілер туындауы мүмкін?
- АҚШ-қа миграция екі бағытта жүзеге асады. Біріншісі – талантты ғалымдар мен болашағы зор жас мамандардың көшуі. АҚШ мұндай адамдардың елге келуін ешқашан тоқтатпайды, оларға жағдай жасап, әрдайым азаматтық алу мүмкіндігін береді.
Екінші бағыт – өз елдерінде жұмыс жоқ, жағдайлары қиын азаматтардың АҚШ-қа барып қара жұмыс істеуі. Бұл бағытқа қатысты Трамп тоқтау салуы мүмкін. Ол президент болған алғашқы кезеңінде АҚШ пен Мексика арасына керек десеңіздер дуал қойды. Бұл әрине Қазақстаннан шетелге жұмыс істеуге кетіп жатқан жастарға кедергі келтіруі мүмкін. АҚШ-тың бұл саясатын кейін басқа елдер де қолдап, дәл осы саясатты жүргізуі де мүмкін.
Біздің қазақтың жастары баю үшін емес амалсыздан күнкөріс қамымен несиелерін өтеу үшін Англияға, Еуропаға барып, жұмыс істеуге кірісті. Көптеген азаматтар Латын Америкасы арқылы АҚШ-қа өтіп жатыр. Оның бәрін естіп жатырмыз. Бұрын болмаған оқиға. Бірақ, сондай мүмкіндіктердің бар екенін пайдаланып, кейбіреулердің АҚШ-қа кетіп жатқаны айдан анық. Бұл жағын Трамп қатаңдады. АҚШ-қа жай қарапайым жұмыс істеп, сол елде қалғысы келетін қазақстандық азаматтардың алдына тосқауыл қойылатыны айдан анық.
- Cұхбаттасқаныңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Зарина ӘШІРБЕК
Alash.kz ұлттық порталы