Бұрынғы оқу-ағарту министрі, Мәжілістің VIII шақырылым депутаты Асхат Аймағамбетов грантқа түсе алмаған түлектерге алты кеңес берді, деп жазады Alash.kz.
Экс-министрдің айтуынша, грантқа ілікпеген талапкерлердің әлі де мүмкіндігі бар.
«Грантты жеңіп алмағандарға не істеуге болады?
Жекеме осындай мазмұндағы сұрақ тағы да көп қойылып жатыр. Сондықтан қысқаша қайталайын.
Бастысы - әлі де грантты жеңіп алуға мүмкіндік бар. Неге?
1. Әкімдіктердің гранттары бар. Бірнеше мың грант жергілікті бюджеттен бөлінеді.
2. «Қазақстан халқына» қорының гранттары тағы бар.
3. Кейбір талапкерлер түрлі себеп бойынша жеңіп алған гранттарынан бас тартады. Олардың саны да аз болмайды. Яғни грант алған талапкерлерден кейін тұрған талапкерлерге ҰБТ-да жинаған ұпай санына сәйкес беріледі.
4. Тіпті ештеңе болмаса, университетке ақылы түрде түсіп, кейін жақсы оқып, GPA жоғары болса, білім алу кезінде босаған бос грантты ұтып алуға болады. ЖООлардың ішкі гранттары да болады.
5. «Gap year» арқылы бір жыл дайындалып, қайтадан ҰБТ тапсырып, грантты жеңіп алуға болады. Ол менің өз басымнан өткен оқиға. Бұл да жақсы шешім.
6. Колледжге түсуге болады. Колледжде грант көп, қажетті мамандықтар бойынша колледж бітіргендер нарықта тапшы. Керек болса, кейін әрі қарай ЖОО-ға түсіп, қысқа мерзімде жоғары білім алып шығуға да болады.
Көріп отырғандарыңыздай мүмкіндіктер өте көп. Бәрі алда. Толық мәлімет алу үшін университеттердің қабылдау комиссиясына жолығу керек»,- деп жазды Асхат Аймағамбетов.