Бүгін тамыз ҰБТ-сы басталды, ол 14 тамызға дейін жалғасады, деп жазады Alash.kz.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, тестілеуге қатысу үшін 30 мыңнан астам өтініш қабылданды. ҰБТ-ға қатысушылардың 65%-ы қазақ тілінде, 35%-ы орыс тілінде, 100 адам ағылшын тілінде тест тапсыруға ниет білдірді.
Өткізудің бірінші күні 6,7 мыңнан астам адам ҰБТ тапсырады.
«Тамыз ҰБТ-сына биылғы және өткен жылдардағы мектеп пен колледж түлектері, қандастар (Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын қазақ ұлтының өкілдері), шетелде орта білім алған түлектер, шығармашылық білім беру бағдарламаларынан басқа даярлау бағыттарына ауысқысы келетін студенттер, басқа білім беру бағдарламаларынан педагогикалық бағыттарға ауысқысы келетін студенттер, сондай-ақ сондай-ақ алдыңғы оқу жылында шекті балл жинамаған және ақылы негізде жоғары оқу орындарына қабылданған тұлғалар қатысады», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, өз мамандығы бойынша жоғары оқу орнында ақылы негізде білімін жалғастыруды жоспарлаған колледж түлектері әңгімелесу нәтижелері бойынша оқуға түсе алады. Бұл жағдайда қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.