Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Миы шайқалып, көз түбі толық зақымданған»: Тараздағы оқушылар төбелесі жайлы сұмдық ақпарат тарады (ВИДЕО)

11:00, 15 сәуір 2026

Тараз қаласындағы оқу орындарының бірінде жасөспірімдер арасында орын алған төбелес қайғылы жағдаймен аяқталды, деп жазады Alash.kz. 

15 жастағы оқушы мектеп ішінде құрдастары тарапынан соққыға жығылып, салдарынан көзінен айырылу қаупі туындады. Қазіргі уақытта жәбірленуші ауыр халде дәрігерлердің бақылауында жатыр, ал құқық қорғау органдары аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады.

Оқиға сабақ арасындағы үзіліс кезінде киім ауыстыру бөлмесінде болған. Бейнебақылау камераларындағы деректерге сүйенсек, бір топ жасөспірім зардап шегушіні оңаша шығарып, басынан соққыға жыққан. Жәбірленушінің анасы Зухра Кәрімова баласының денсаулығы туралы былай деді:

«Бала миы шайқалып, контузия алды. Көзі ағып кеткен, көз түбі толығымен зақымдалған. Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі 10 күн өте маңызды, инфекция миға жетіп кетпеуін тілеу керек».

Анасының сөзінше, дәрігерлер баланың көзін бөлшектеп жинап шыққан.

Жасөспірімге шұғыл ота жасалғанымен, ол болған жайттың егжей-тегжейін есіне түсіре алмай отыр. Алайда ол шабуыл жасағандардың қолында темір зат болған болуы мүмкін екенін алға тартады. Оқиға кезінде жәбірленушіге көмектеспек болған досына да басқа қатысушылар кедергі жасап, араша түсуге мүмкіндік бермеген.

Қазіргі таңда полиция департаменті денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша тергеу амалдарын бастады. Негізгі күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Сонымен қатар, құзырлы органдар төбелеске қатысқан басқа да кәмелетке толмағандардың ата-аналарын жауапкершілікке тарту мәселесін қарастырып жатыр. Мектеп әкімшілігінің бұл жағдайдағы іс-әрекетіне де құқықтық баға берілмек.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар