Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Міржақып Дулатұлы: Әйел теңдігін қорғау - бәріңе бірдей борыш

20:33, 01 сәуір 2024 723

Ескі һүкімет біздің қазақ-қырғызды жүгенсіз етіп, арқасын жауыр, құйрығын шолақ, ерқашты қылса да, һүкімет жаласынан аулақ, өзіміздің сүйекке сіңген ескілікті әдет-ғұрпымыздан болған үлкен кемшіліктеріміз толып жатыр. Солардың бірі - әйелді кемдікте ұстау.

Қазақ-қырғыздың әйелге көзқарасы белгілі. Бірақ жалпы жұрт «осым теріс екен-ау» деп, бұл күнге шейін мойындап тұрған жоқ. Сондықтан әйел мәселесін қолға алып,әйел теңдігін іске асырамыз деген соң, бұл туралы халықтың теріс назарын өзіне баяндап отыру қажет деп білеміз.

Қазақ әйелдері мал есебінде көрінуінде шәк жоқ. Мәселен, қызды қазақ бала демейді. Біреудің үш қызы, бір ұлы болса, пәленшенің баласы нешеу деп сұраған кісіге «біреу» деп жауап береді. Үш қызды айтпайды.

Біреудің он қызы болып, бір ұлы да болмаса, «пәленшенің баласы жоқ, қу бас» дейді. Он қыз - бала емес.

Біреудің қатыны босанса, «не туды?» деп сұрайды. Сонда білгісі келетені: бала ма екен, мал ма екен? Қыз тапқан болса, «қырық жеті» деген жауап алады.

Қазаққа біреу қызыңды оқыт десе, қызым молда болмай-ақ қойсын,«байтал шауып бәйге алмас» дейді.

Қызы өлген қазақтың балам өлді деп қайғыратыны сирек болады, күйеуге беріп қойған болса, қалың малы қайтыс болу, бермеген болса, қалың мал ала алмау жағынан ғана, мал шығындаған есебінен уайым қылады. Ұлы өлсе, азалы болып, жұрт көңіл айтып, қамкөңілді болып қалады.

Қызын берген жері кедей болса да, қолынан келсе, бір қарасы қалғанша алудан қазақ тайынбайды. «Ертең өз балам баратын үй ғой, жақсы тұрсын, мұқтаждық көрмесін» дегенді ойлайтын қазақ мыңнан біреу-ақ табылады. Уәделі малынан кем берсе дауласып, айтысып, мал үшін құдасымен араздасып, құдасымен араздасқан соң, қызымен де көріспей кететін соғылғандар көп болады.

Мал үшін қызын көрінеу кемге, өте жасқа, өте кәріге иә тоқалдыққа беру екінің бірінде бар!

Байы өлген қатын әмеңгеріне тиюге міндетті. Қалыңдығы өлген күйеуге балдызын атастыру да рәсім болып кеткен.

Мұның бәрі аздай, тумаған, тумақ түгіл, жан болып жаратылмаған қызына мал алып, «бел құда» болушылар да қазақ арасында көріне бастады.

Әйелді кем ұстау жағы тағы да толып жатыр, бірақ жұрттың әйелге көзқарасын көрсету үшін осы айтқандарымыз да жетсе керек. Қазақ арасында бірлі-жарым көзі ашық оқығандарды шығарып тастағанда, қызынан: «Шырағым, мынаны қалай көресің?» - деп ризалығын сұрайтын емге бір адам табу қиын.

Халықтың түсінігі осылай болған соң, әйел - біреудің анасы, біреудің баласы, біреудің апасы, біреудің қарындасы екеніңде жұмыс жоқ. Әйелдің бұл күнге шейін қорлықта, күңдікте өмір сүргенінің себебі осындай.

Қазақ-қырғызды алты миллион халық десек, үш миллион күңнің тәрбиесі қандай демек керек? Жауап қысқа: күнде тәрбие бола ма? Тәрбие болса, күң бола ма?

Бүкіл халықтың тәрбиесі әйелдің қолында. Әйел - халықтың анасы. Тәрбиесіз ананың өсірген баласы қандай болмақ? Күңнен ер көңілді, ақ пейілді азамат қалай туады? Күңнен құл тумақшы емес пе?

Қазақ-қырғыз әйелінде теңдік, адамгершілік, сүйіспеншілік болмаған соң, ол кімді жақсылап тәрбиелесін. Қазақ әйелі намысын сақтауды біле ме? Табиғат заңы жағынан қарағанда, мүмкін бе? Әділдік көзімен қарасақ, әйелді айыптай аламыз ба?

Қазақ қызының «оң жақта ойнап-күліп қалайық» дейтіні неліктен? Оң жақта көрінеу «ойнап-күлсе», кәріге қатын үстілікке, көңілі сүймеген адамына барған соң, не қылатыны өзгеге жұмбақ болғанмен, өзіне аян шығар. Бұған кім айыпты? Бұған қазақтың әдет-ғұрпы, бұл ғұрыпты қолданушы ел айыпты емес пе?

Ар-намыс, махаббат болмаған жерде адамшылық тұра ма? Бұл сипаттардың болуы үшін адам баласы азат, тәрбиелі болуы керек емес пе?

Бұл ақиқатты алдыңғы қатарлы зиялы азаматтар көптен аңғарып, халыққа үгіт-насихат айтып, газетке жазып, кітап шығарып жүрсе де, көп наданға түсіндіре алмай, сүйекке сіңген дертті құрта алмай, қара күшті жеңе алмай, жігері жасып жүруші еді. Енді мына бостандық заманында қолға тізгін тиіп, өз алдына һүкімет болған соң, бұл туралы Алаш азаматтары қам қылып, әйел табын күңдіктен құтқарып, теңгеру үшін бір қолына закон күшін, екінші қолына түсіндіру құралын ұстап, майданға шығып отыр. Закон күші дегеніміз - "Ақ жолдың" осы санында Қазақстан һүкіметінің қалың малды қалдырған декрет низамы басылып отыр.

Қазақ-қырғыз халқының бір бөлімі қол астында болған Түркістан Республикасының һүкіметі де бұл туралы шабандық қылмай, қазақ-қырғыз әйелінің теңгерілуіне қам қылып низам шығарар, ағарту шарасын көздеп, іске кірісер деген үмітіміз зор. Әйел мәселесіне келгенде, Түркістанды мекен еткен халықтардың арасында бізден сорақылары бар: ол жағына біз ақыл айта алмаймыз. Мұның лажын халқының жайына жетік һүкіметтің өзі табар. Бірақ қазақ-қырғыз әйелдері туралы закон күшін жүргізу мүмкін екендігіне көзіміз жетеді.

Қалың малды жоғалту туралы Қазақстан һүкіметі низам шығарды. Түркістан һүкіметі де шығарар дедік. Бірақ низам шыққан екен деп, қазақ әйелі оп-оңай теңеліп кетпейді. Қалың мал да аз күннің ішінде жоғалып бітпейді. Өйткені тұрмыс жолына қайшы келген законның өздігінен саулап жүріп кетуі оңай емес, сондықтан закон шықты, жұмыс бітті деп отырмай, законның орындалуына күш жұмсау керек. Бұл - бір жылдық жұмыс емес. Көп жылдарға созылатын, көп жігер керек қылатын жұмыс.

Төңкерісшіл азаматтар! Ортақшыл жастар! Әйел теңдігін қорғау, әйел тәрбиесін қолға алу - бәріңе бірдей борыш. Мұны ұмытпаңдар.

Қазақ-қырғыз әйелі! Мұнан былай біреу мал берген екен, ата-анам ренжиді екен деп, сүймеген адамға барудан тоқтал! Қызғылықты өміріңді қайғы-қасіретке айырбастама! Азаттығыңа өзің талпынсаң, сені ешкім енді зорлай алмайды, бұрынғыдай қара күш жеңе алмайды. Сенің енді қорғаушың бар. Қорғаушың - һүкімет. "Риза емеспін" деген бір ауыз сөзді айтуға жарасаң болғаны, сүйгеніңе барасың, өзің үндемесең, өзің күңдікке құмар болсаң, өз обалың өзіңе. Бірақ күндікке, құлдыққа ешкім құмар болмаса керек. Үндемесең - надандығыңнан, жамандығыңнан, жасықтығыңнан үндемейсің.

Көзі ашық, оқымысты әйелдер! Қараңғы надан, малға сатылып жүрген бейшара апа-сіңлілеріңді қорғау, көзін ашу, ояту - өзгелерден де артығырақ сендерге міндет.

"Ақ жолдың" осы санынан бастап, "Әйел тендігі" деген айрықша бөлім ашылады. Мұнан былай жарияланған низамға қарсы қалың мал алу, әйелді сүймеген адамына еріксіз беру яки өжет әйелдер ескі әдетке бойсұнбай, сүйгеніне кету секілді оқиғалар болса, ғибрат үшін атын атап, түсін түстеп жазып тұрушыларға газет беті ашық. Газетте атын шығарғысы келіп, жалған хабар жазушылар жауапты болады. Сотқа тартылады.

Россияда төңкеріс болғанына үш жыл өтіп, төртіншіге айналса да, қазақ-қырғыз әйеліне теңдік күні туған жоқ еді. Қазақстан һүкіметінің бүгінгі низамын қуанышпен қарсы аламыз. Бұл низам қағаз жүзінде қалмай, ескі ғұрыпты жеңіп, әйел теңдігін шын мағынасында іске асыруына тілектеспіз.

Бітсін күңдік!

Көркейсін әйел теңдігі!

Азамат. «Ақ жол» газеті, 19 қаңтар 1921 жыл, №16

Дереккөз: Дулатұлы М. Алты томдық шығармалар жинағы. 3-том

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар