Ақтөбеде мешітке келуші мектеп оқушысын соққыға жыққаны үшін 1,5 жылға сотталды, деп хабарлайды Alash.kz.
«Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінде осы жылдың ақпан айында, Рамазан айы кезінде орын алған оқиға қайғылы аяқтала жаздады. Кешкі намаздан кейін, сағат 22:30 шамасында үш жасөспірім шыға беріске беттейді. Олардың бірі өзге бір келушінің аяқ киімін қолына алып, достарына бұрын осындай кроссовка кигенін айтып көрсетеді. Осы сәтте аяқ киім иесі 38 жастағы шағын кәсіпкер жасөспірімге тап беріп, оны аяусыз соққыға жығады. Төбелес кезінде тағы бір жасөспірім соққы астында қалған. Дәрігерлер соққыға жығылған оқушыға денесінің жиі соғылуы мен бас миының шайқалуы диагнозын қойды.
Аталған факті бойынша ер адамға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің «Денсаулыққа абайсызда ауырлығы орташа зиян келтіру» және «Бұзақылық» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сот отырысында айыпталушы жәбірленуші жасөспірімдерден кешірім сұрады. Ол отбасын жалғыз өзі асырап отырғанын алға тартып, соттан бас бостандығынан айырмауды өтінді. Дегенмен, сот шешімімен ол орташа қауіпсіздік мекемесінде 1,5 жыл жазасын өтейтін болды.
Осыған дейін «Нұр Ғасыр» мешітінің өкілдері оқиғаға байланысты түсініктеме беріп, бұзақылық жасаған азаматтың мешіт ұжымына ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеген болатын. Мешіт әкімшілігі кешен аумағында бейнебақылау камералары жұмыс істейтінін және арнайы күзет қызметі бар екенін айтып сендірген еді. Алайда, сол кеште ызаға булыққан келушіні тоқтатуға күзетшілердің бірі де араша түспеген.
«Болашақта мұндай инциденттердің алдын алу мақсатында тәртіптің сақталуын бақылау едәуір күшейтіледі», — деп сендірді мешіт өкілдері.
Айта кетейік, бұл «Нұр Ғасыр» мешітінде орын алған алғашқы атышулы жағдай емес. Бұған дейін де осы мешіт босағасында келушілердің бірі блогер Эмануэлла Наурызбаеваға тиісіп, біржолғы неке қиюды ұсынғаны үшін 5 тәулікке қамауға алынған еді.