Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Меценаттар қайдасыңдар: Әбибаның үйі “ипотекада” тұр

13:29, 30 шілде 2024 1300

 

Белгілі журналист Бақтияр Тайжан қазақтың намысын қорғай алмадым деп көз жасына ерік берген Әбиба туралы өзінің ой толғамын білдірді, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.

Facebook парақшасында жариялаған постын түгел жариялап отырмыз.

Ол бұл постта Өзбекстанның тумасы екенін, бірақ қазақ екенін айтты.

“Дерек үшін айтайық. Өзбекстанның тумасы. Сүті қазақ. Өзбекстан құрамасында бірінші. Алайда, ала топылы ағайын жеме-жемге келгенде жауапты жарыстарға Әбибаны емес оның көлеңкесінде жүрген өзбек қызын таңдайды. Ол үшін өзбек ағайындарды кіналауға болмас. «Қарына тартағанның қары сыпсып» деген бар. Реті келсе, біз де осындай таңдауда қазағымызға бұрып тұрамыз.

Әбиба мен бірге тағы бір қазақ қызы Есмигүл Күюрова да тарихи Отанына оралды.

Олар жалғыз емес еді. Өзбекстанда бір млн. қазақ бар. Ресми емес деректерді екі-үш млн. деп жүр. Қазақ талантты халық. Спортта да.

Алдымен Өзбекстаннан атақтылардан Елдос Жаңабергенов оралды. Бокстан Әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Шаршы алаңнан ерте кетті. Қастық жасалды. Жон арқасынан пышақ сұғылды. Қытайда. Оқу-жаттығу жиынында жүргенде. Тапсырыс берген көлеңкесінде жүрген өз боксшымыз екендігі айтылып қалады.

Әділбек Ниязымбетов. Екі рет Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. Алтынға лайық та болатын. Лондон олимпиадасында Егор Мехонцевпен финалда бокстасты. Жеңіс ресейлікке берілгенімен бас бапкер Артем Лавров «қазақ алымды болды. Соққылары ғаламат. Соңына дейін айқасты» деді.

Рио де Жанейрода кубалық қабылан Хулио Сезар ла Крузбен финалда тоқайласты. Круз - әккі боксшы.

Айқастан қашты. Жай оғындай жылдам. Ұрады, кетіп қалады. Жеңді негізі. Бірақ, дүние жүзінен жиналған жанкүйерлер кубалықтың жеңісіне қатты наразылық танытты. Көзбен көрген соң айтып отырмыз. Елге келген соң осының бәрін көріп отырған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Әділбек Ниязымбетовке алғыс айтып, жеңімпазға берілетін қаржыны бергізді.

«Олимпиада ойындарына барғың келсе, ұлтыңды өзгерт. Өзбек бол» деген талапқа шыдамаған Бақыт Сәрсекбаев тарихи Отанына қайтты. Өз уақытын күтті. Бейжің олимпиадасының қаһарманы болды.

Жастар арасынан әлем чемпионы Марат Қиясов Өзбекстаннан келді. Грек-рим шебері Елмұрат Ташмұратовта Қазақстанға келгісі келіп еді, қабылдай қоймадық. Өйткені, бұ салмақта теңдессіз балуан Алмат Кебісбаев бар еді.

Өзбек боксының бүгінгі жарық жұлдыздарының бірі - Руслан Абдуллаевта - қазақ. Шымкентке үмітпен келді. Бағасын білмедік. Қайта кетті. Сол Руслан әлем чемпионы болғанда туған ауылының тұрғындары «Қазақ болып тумағанда нетер ем» деген әнмен қарсы алды. Мейманасы тасыған қалың өзбек «бұ қалай» демеді. Қол соқты. Даңқты ұлды қазақтар қабылдамай қойғанға қуанған да шығар...

Мұның бәрін неге айттық?!

Әбиба Әбужақынова - қыздар құрамасының көшбасшысы. Барған жауапты жарыстарынан олжасыз оралмайды. Әлемдік рейтингте 3-і орында. Мұндай орынға қазақ дзюдошы қыздарынан әзірге ешкім жеткен жоқ. Парижде финалда-ақ күресетін әлеуеті бар еді. Сәл сәттілік жетіспеді.

Қола медальға жарақатымен шықты.

Қарсыласы, он сегіз жастағы қыз швециялық Тара Бабулфат бәрін білді. Спортшыға құрметтен ада қыз жарақат алған аяғын теуіп тастағанын көріп отырдық.

Жеңілгеніне қорланған Әбиба жылады. Жылап отырып үміттерін ақтай алмаған үшін қазақ халқынан кешірім сұрады. Мына жақта отырып алтын қыздың жүрекжарды сөзі үшін өзіміз де көзімізді шылап алдық.

Кеше Елдостың тарихи жеңісіне қалың қазақ шаттанды. Солардың бірі ақтөбелік кәсіпкер Әнуар Маханов деген азамат сүйіншіге 100 жылқы атады. Нағыз Атымтай Жомарт екен. Қыртып сөйлемесе көкнарға масайған киевандар құсап шалықтайтындар, «жылқысы бір жұтта қырылып қалады ғой. Ақтөбедегі су тасқынына неге бермеді?» деп жатыр. Берген де шығар. Мемлекет ешкімді өз мұңымен қалдырған жоқ.

Ал, ел мерейін тасытқан Елдос бастаған ерлерге алтыннан сарай салдырып берсең де аздық етпейді. Соның бірі - Әбиба. Бір сұхбатында Атыраудағы үйі ипотекада екенін айтып қалды.

Қасына Есмигүлді алған екен. «Париж олимпиадасының алтыны алсам үй және әйбат машина алам» деп күліп арманын да айтып қалды. Жас қой, жарасады.

Әбибаның тарихи жеңістері:

2021 жылы Бішкекте өткен Азия чемпионатының финалында қытайлық спортшы Ли Янаннан жеңіліп, күміс медаль алды.

2022 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен құрлықтық чемпионатта Әбиба тағы да күмісті жеңіп алды, бұл жолы финалда жапондық Вакане Когаға жол берді.

Ташкентте өткен 2022 жылғы әлем чемпионатында қола медаль ұтты.

2023 жылы Португалиядағы Гран-при сериясындағы турнирде жеңімпаз атанды. Ол дзюдодан осындай беделді турнирде жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық болды.

Орысша сұрақ қойған журналистке қазақша сұхбат берген Әбиба-кешегі батыр Әлия, Мәншүк, Хиуаз апаларының жұрнағы. Жеңіске жетсе мәз болып, кимоносындағы қазақ елтаңбасын көрсетіп, қолымнан жүректі бейнелейтін сұрапыл қыз да бар құрметке лайық.

Елдосқа 100 қылқұйрық атаған мәрт қазақтар қазақта көп. Допты қисық тебетіндерді өзі сайыпқыран Елдостан көп ақша табады. Жанды дауыспен ән айта алмайтын фонограмшик, әнебір ағамыз айтып жүргендей шегірткелерге де үйіп төгіп ақша беретіндер осы жолы бір қайрат көрсету керек.

Әбиба жарақат алса да «белім ауырды», «тізем ауырды» деп жеме-жемге келгенде Олимпиада ойындарынан бас тартқан анау келемсектердей, ат басындай алтын беріп ардақтап жүрген отансыздардан барлық жағынан артық. Атымтай жомарттар қайдасыңдар?!,- деп жазды ол.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар