Белгілі актриса Дариға Бадықова әлеуметтік желіде жеке өміріне қатысты түрлі әңгімелер мен пікірлерге жауап беріп, өзінің шындығын ашық жазды, деп хабарлайды Alash.kz.
Өнер иесі көпшілікке арнаған жазбасында кей адамдардың сырт көзге көрінбейтін мінез-құлықтары мен ішкі мәдениет туралы ой қозғады.
"Еркектің бәрі – ер емес. Кей адам киіммен, кей адам үнсіздігімен шешінеді. Мен – үнсіздігіммен. Себебі, менің үнім шықпағаны – әлсіздігім емес, тәрбием еді. Жалғыз әйелдің үнсіздігі – айқайдан да қатты естіледі кейде. Бірақ үндемеген сайын, біреулер арзан тірлік жасауда. Бір жақты пікірмен шешім шығарғандарға айтарым: Мен – сценарий емес, тірі адаммын!
Киномның алдында, сонша төккен еңбегімнің, адал терімнің алдында, өмірімді күлге айналдырмақ болған әрекет – тек мені емес, өнердің өзін де қорлау деп білем! Мен халыққа жеке өмірімді емес – жүрегімді, еңбегімді, өнерімді ұсынып келдім. Әрдайым өнер бөлек, жеке өмір бөлек деген позицияда болдым. Әйтпесе, хайп қуам десем тема жетеді менде де!
Үстіме жағылған кірді жуып, жанымды жалғыз арқалап жүрсем де, ешкімнің табалдырығына кіріптар болған емеспін! Сондықтан, мені қарабет қылып, қолда бар шындықтың шетін ғана ұстап, айып таққандарға айтарым біреу: Сәл сабыр! Сәл сана! Сәл әділет! Асығыс шешім – өкініштің киімін ерте кигізеді. Менің де шындығым бар. Және ол шындық та айтылар күнге жетті. Осы күнге дейін көп нәрсені жасырып жүрдім. Мен сөйлесем, кімнің кім екенін анализ жасай алар түйсіктеріңіз болса түсініп аларсыздар. Сәл сабыр", – деп жазды Дариға Бадықова.