Журналист Жанар Байсеміз көрермендер арасында тараған «сізді шетелдік азаматқа қимайды» деген пікірге қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
«Мұндай пікірді дұрыс та, орынсыз да деп айта алмаймын. Қызғану деген дүниені түсінбеймін. Көрермен махаббатын қабылдаймын. Бастапқыда «сізді қимаймыз» деген сөздер жиі айтылды. Бәлкім, мен сол кезде адамды ұлтқа бөлмейтін деңгейде болдым. Бұрынғы Жанар ұлтшыл, басқаша болатын. Қазір ұлтшыл емеспін деп айта алмаймын, бірақ адамды ұлтқа бөлмеймін. Мен әдейілеп шетелдік азаматқа тұрмысқа шығайын деген жоспар құрған жоқпын. Бұл менің таңдауым. Әйтпесе мен де қазақ жігітіне тұрмысқа шыққым келді», — деді журналист.
Сондай-ақ, ол ата-анасының бұл шешімін қалай қабылдағанын да айтты.
«Ешкімнен ешқандай қарсылық болған жоқ. Атырауда тұрып жатқанда анама хабарласып айттым. Ол кішкене түсінбей қалды. Ал әкем бірден батасын берді. Мен үйдің тұңғышымын, әлдеқашан өзіммен өзім болып кеткен адаммын. 38-ге келдім, өз өмірімнің қожасымын. Ата-анам «қарсымыз» деп айтқан жоқ, мен не істесем де қолдайды. Ешқандай шектеу болған жоқ. Құда-құдағылар өкінішке орай әлі бірін-бірі көрген жоқ. Жолдасымның анасы Украинада. Біз өзіміз Украинаға барып келдік. Таныстыру үшін осында шақырмақ болдық, бірақ соғыс басталып кетті. Сол себепті әлі күнге дейін кездесу болған жоқ», — деді Жанар Байсеміз.