Бүгін өткен Құрылтайдың алғашқы сессиясында Төраға лауазымына сайланған Айбек Арқабайұлы Дәдебай Мемлекет басшысына және өзін қолдаған халық қалаулыларына алғысын білдірді, деп жазады Alash.kz.
Айбек Дәдебайұлы өз сөзінде бұл лауазымның тарихи жауапкершілік екенін атап өтіп, Құрылтай жұмысы халқымыз қолдаған жаңа Конституцияның құндылықтарына негізделіп, «Әділетті Қазақстанды» құру ісін жалғастыруға бағытталуы тиіс екенін мәлімдеді.
Ең алдымен, маған зор сенім артып, менің кандидатурамды Қазақстан Республикасы Құрылтайының Төрағасы лауазымына ұсынған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа шынайы алғысымды білдіремін.
Құрылтайдың барша депутаттарына да қолдағандары үшін рахмет айтамын.
Бұл – мен үшін үлкен мәртебе әрі тарихи жауапкершілік.
Президентіміз бүгін алдағы жұмыс бағытымызды және нақты міндеттерді айқындап берді.
Елімізде жүзеге асып жатқан реформалар мен ауқымы бізден байыпты шешімдер мен кәсіпқойлықты және қажырлы еңбекті талап етеді.
Сонымен қатар, әр заңның, әр шешімнің артында нақты мақсат тұр.
Ол – еліміздің одан әрі дамуын қамтамасыз ету, мемлекеттігімізді нығайтып, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру.
Бұл жұмыстың негізінде халқымыз жаппай қолдаған жаңа Конституцияның құндылықтары мен қағидаттары жатуға тиіс.
Басты міндет – оң өзгерістер нәтижесі халықтың күнделікті өмірінен көрініс табатын, заң мен тәртіп орныққан Әділетті Қазақстанды бірге құру ісін жалғастыру.
Бұл ретте Құрылтайға артылар жүк пен жауапкершілік өте салмақты екенін жақсы білесіздер.
Біз халықтың жоғары сенім мандатына ие болдық.
Сол сенім жұмысымыздың басты бағдарына және оның нәтижесінің негізгі өлшеміне айналуға тиіс.
Құрылтай еліміздің одан әрі жаңғыруына тың серпін беретін, конструктивті қоғамдық диалогқа жол ашып, жаңа заманның сын-қатерлеріне лайықты жауап ұсынатын мінберге айналуы тиіс.
Осы тұрғыда біз жұдырықтай жұмылып, алда тұрған міндеттерді абыроймен атқаруға бар күш-жігерімізді салуға тиіспіз.
Алда қыруар жұмыс бізді күтіп тұр.
Осы жауапты жолды бірге еңсереміз деп кәміл сенемін.
Артылған сенім үшін тағы да рахмет айтамын.
Нұрлан Мәжитұлына бүгінгі біздің бірінші отырысымызды жүргізгені үшін депутаттардың атынан алғысымызды білдіреміз.
Қазақстанымыз тұрақты да қуатты, бірлігіміз бекем, халқымыздың болашаққа деген сенімі нық болсын!