Шетелде асырап өскен қазақ баласы Жәнібек Севальев Тәуелсіздік күні қарсаңында әлеуметтік желіде жазба жариялап, Қазақстанға жоспарланған сапарының не себепті жүзеге аспай қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Қазақстанның мәдениеті мен табиғатын шетелдік аудиторияға танытуды көздеген Жәнібек Севальевтің туған жерге жасауды жоспарлаған сапары кейінге қалды. Жоба аясында Жәнібек бір топ адаммен ел ішіндегі көрікті өңірлерді аралауды жоспарлаған. Бастама туристік бағыттағы ортақ жұмыс ретінде қарастырылған. Алайда ұйымдастыру ісіне жауапты компания тарапынан ұсынылған тур бағасы қатысушыларға қолайсыз болып шыққан. Нәтижесінде алдын ала тіркелген адамдар саны азайып, жоспарланған сапар толық жүзеге аспай қалған. Жәнібектің айтуынша, дәл осы фактор жобаның тоқтауына тікелей әсер еткен. Соған қарамастан ол бұл жағдайды тәжірибе ретінде қабылдағанын және Қазақстанға саяхат ұйымдастыру идеясынан түбегейлі бас тартпағанын жеткізді.
«Өкінішке қарай, мен бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлаған компания турдың әділ бағасын ұсына алмады, сондықтан тіркелген адам саны жеткіліксіз болды. Бұл жайт мен үшін ауыр соқты, өйткені мен үйіме оралып, сіздермен қайта қауышқым келді. Дегенмен мен бұл тәжірибеден көп нәрсені үйрендім және саяхатты ұйымдастыру идеясынан әлі де бас тартпаймын», – деп жазды ол.