"Мен Шерзат Болаттың әулеті үшін бұрынғыдан да қатты қорқа бастадым" - белгілі кинотанушы
09:46, 04 қаңтар 2025
3586
ұлысмедия
Белгілі кинотанушы, журналист Әсия Бағдәулетқызы Шерзат Болат әулеті үшін алаңдайтынын жеткізіп, бұрынғыдан да қорқа бастағанын жеткізді. Оның мұндай ой түюіне билік тарапынан жасалған "өте сауатсыз қадам" себеп болған, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Шерзат Болаттың әулеті үшін бұрынғыдан да қорқа бастадым. Қаңтар оқиғасы кезіндегідей, биліктің пікірі бет бақтырмайтын, анық позиция. Жапа шеккенді жазалау, қалай да кінәлі ету, озбырлық деуге болады. Мүмкін Шерзатты өлтіргендердің бірінің болмаса бірінің ағайын-туыс не танысы Ақ ордада отырған да болар. Не сол жаққа сыналап жол тапқан шығар. Әйтпесе Тоқаевтың Талғардағыдай әр істі қадағалап, біз секілді іске қатысты видеоларды түгел ақтарып қарап, іштей сараптама жасап отыратын уақыты да жоқ қой. Оған ақпаратты түйіп, қорытып жеткізетіндерден (тағы да) көңіл қалды.
Не болса да бұл билік тарапынан өте сауатсыз қадам болды. Жапа шеккен отбасын қорғауға алып, істі әділ де сапалы жүргізсе Бишімбаев ісінен кейін оянған халықтың "заң үстемдігіне", демек ел болашағына үміті артар еді. Ал мына ұстаным қылмысы таспаға түскен бұзақылар үшін күллі мемлекеттің құқық қорғау саласын құрбандыққа шалғандай сауатсыз әрекет. Жоғары жақтың көзқарасы рулетка секілді болжап болмайтын нәрсеге айналды ғой.