Шымкентте қала әкімінің орынбасарына жасалған қастандық ісі бойынша сот процесінде Руслан Берденов алғаш рет ашық мәлімдеме жасады. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы хабарлады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Ол мемлекеттік қаржыны дұрыс пайдалану қағидасын ұстанатынын айтып, әріптестерін адалдыққа шақырды. Айыптауға қатысты пікір Сотта прокурор Берденовтің атына айтылған айыптауларды талқылау барысында оның «антикорға шағымданды, тексеріс жүргіземін деп қысым көрсетті» деген сөздер қозғалды. Бұған жауап ретінде Руслан Берденов өз позициясын ашық жеткізді.
«Мен ешқашан заңсыз әрекетке бармаймын. Әрқашан адал әрі таза жұмыс істеуді басты қағида етіп келемін», – деді ол.
Берденов өзінің жұмыс стилін де түсіндірді. Оның айтуынша, кез келген жиында қарамағындағы қызметкерлерге парақорлықтан алыс болуды ескертіп отырған.
«Мен әр жиналысымда бүкіл қарамағымдағы жұмыс істейтін көпшілікке айтамын: бала-шағаларың бар, ұрынбаңдар. Мемлекеттің ақшасына көз тігуші болмаңдар», – деді Руслан Берденов.
Бұл мәлімдеме қоғам назарын өзіне аударды. Әлеуметтік желілерде пікірталас қыза түсті. Бір бөлігі Берденовтің сөзін адал қызметкердің ұстанымы деп бағаласа, енді бір бөлігі оны өзін қорғауға бағытталған әрекет деп қабылдап отыр. Істің қазіргі жағдайы Қазір сот процесі жалғасып жатыр.
Айыпталушы Ернар Жиембай Берденовке оқ атқаны үшін жауап беруде.