«Мемлекеттік қызметтен кейін»: Серік Сәпиевтің жаңа бизнесі туралы не белгілі?
14:40, 14 қыркүйек 2026
сурет: ашық дереккөз
Олимпиада чемпионы, белгілі боксшы Серік Сәпиев Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) Enzo Ltd деп аталатын жаңа фирма тіркеді, деп хабарлайды Alash.kz.
АХҚО тізіліміндегі ресми мәліметтерге сүйенсек, 2026 жылғы 11 қыркүйекте құрылған ұйымның жалғыз құрылтайшысы әрі басшысы – Сәпиевтің өзі. Басқа компаниялардың үлесіне иелік ету құқығы бар фирманың бастапқы капиталы 300 мың теңгені құрайды және ол әрқайсысы 3 мың теңгеден бағаланған 100 акцияға бөлінген.
2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы, әлемнің екі дүркін чемпионы әрі Вэл Баркер кубогының иегері рингтегі мансабын аяқтаған соң мемлекеттік және қоғамдық қызметке белсене араласты. Ол 2017–2019 жылдары Мәжіліс депутаты болып, кейін Спорт және дене шынықтыру істері комитетін басқарды. Одан кейін 2024 жылғы қарашада Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалып, 2025 жылғы сәуірден бастап Ұлттық сурдлимпиада комитетінің президенті қызметін қатар атқарды.
2026 жылдың қаңтарында әлеуметтік желіде Сәпиев пен Есімханов арасындағы оқиғаның видеосы тарағаннан кейін жүргізілген ведомстволық тексеріс нәтижесінде екі тарап та атқаратын лауазымдарынан босатылды. Осылайша, спортшы 2026 жылғы ақпанда Қарағандыдағы қызметінен кетті. Кейінірек ол Туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі әрі ХХ жазғы Азия ойындарына дайындық штабының спорт бағыты бойынша үйлестірушісі лауазымына тағайындалды.
Ашық дереккөздердегі ақпарат бойынша, Серік Сәпиев Sport Asset Management, «Жас Сарбаз», Алматы облысының кәсіпқой бокс федерациясы, Қазақстан кабадди федерациясы және Astana Arlans Promotion сияқты бірқатар ұйымдармен де тығыз байланысты.
Соңғы жаңалықтар
Досхан Жолжақсынов 75 жасқа толды: Алматы әкімі Президенттің құттықтауын табыстады
14:00, 11 қазан 2026
Түркияда 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынады
14:53, 10 қазан 2026
Трамп Нобель комитетін сынға алып, "Маған Нобель сыйлығын бермеді" деп жазғырды
13:29, 10 қазан 2026