Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы орамал тағуға рұқсат берген жекеменшік мектептерді лицензиядан айыруға қатысты қатаң шараларға қарсы шықты, деп жазады Alash.KZ
ҚМДБ өкілдерінің пікірінше, оқушы қыздардың діни сенімін ескеріп, орамал тағуына мүмкіндік берген мектептерді осы себеппен ғана лицензиядан айыруға болмайды.
Қазақстанда мектеп формасына қатысты талаптар бар. Алайда діни басқарма бұл талаптарды діни ұстанымдармен үйлестіру жолын қарастыруды ұсынды. Мысалы, мектеп формасының түсіне сәйкес келетін орамал тағуға рұқсат беруге болады.
«Ислам шариғаты бойынша балиғат жасына жеткен мұсылман қызға орамал тағу – парыз. Бұл мәселедегі діни үкім өзгермейді. ҚМДБ бұған дейін де осы ұстанымды бірнеше рет ашық білдіріп, мектеп жасындағы қыздардың білім алуына кедергі келтірмей, діни міндетін орындауына мүмкіндік беретін оңтайлы шешім қабылдау жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстарын жеткізген. Атап айтқанда, мектеп формасының жалпы үлгісі мен түсіне үйлесетін орамалға рұқсат беру ұсынылған», – делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.
politico.kz сайты жазғандай, ҚМДБ бұл мәселені мемлекетпен бірге талқылап, «құқықтық тетігін» табуға дайын екенін мәлімдеді. Бірақ жазба бірнеше сағаттан кейін өшірілді.