Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Мектеп директорының күнде TikTok-қа видео түсіріп жүргенін құптамаймын, шоу-бизнеске барсын!". Журналист билеп танылған Ақмоншақ Нұртазаны сынады

17:20, 17 сәуір 2026

Журналист Гүлбану Әбенова продюсер Баян Алагөзованың «Алтын ханым» жобасына қатысқан мектеп директоры Ақмоншақ Нұртазаға қатысты сын пікір білдірді, деп жазады Alash.kz. 

Ол бұл жағдайды кәсіби жауапкершілік пен әлеуметтік желідегі танымалдылықтың арақатынасымен байланыстырады.

Әбенованың айтуынша, аталған байқауға лайықты қатысушылар аз болмаған. Олардың қатарында үлгілі аналар, жарлар және өз ісінің білікті мамандары бар. Алайда, оның пікірінше, жеңіс көбіне әлеуметтік желіде белсенділік танытқан қатысушыға бұйырғандай әсер қалдырады.

Журналист қазіргі таңда табысқа жетуде кәсібиліктен гөрі жеке бренд қалыптастыру мен өзін-өзі таныту алдыңғы қатарға шығып бара жатқанын атап өтті.

«Мен шығармашыл, креативті адамдарды құрметтеймін. Алайда мектеп директорының күн сайын TikTok немесе өзге де әлеуметтік желілерге контент жариялап жүргенін құптамаймын», – деді ол.

Оның сөзінше, педагогтер мен білім беру ұйымдары басшыларының жауапкершілігі онсыз да жоғары. Олардың негізгі міндеті – балаларды сапалы біліммен қамту және тәрбиелеу.

Сондықтан журналист әр адам өз кәсіби орнында қалып, жұмысына барынша жауапкершілікпен қарауы тиіс деп есептейді. Оның пікірінше, қызметті тұрақты түрде өзін-өзі жарнамалау алаңына айналдыру дұрыс емес.

Сондай-ақ ол қоғамға сауал тастады:


«Балаларыңыз білім алатын мектептің директоры күн сайын TikTok-қа видео жүктеп отырғанын қалайсыз ба?»

Бұдан бөлек, Әбенова мектеп директорының бір айға Алматыға кетуіне қатысты да пікір білдірді.

«Менің ойымша, мектеп директорының әйелдер байқауына дайындалу үшін бір айға қызметінен қол үзіп кетуі – қалыпты жағдай емес. Осы уақыт аралығында түрлі түсірілімдерге қатысып, әлеуметтік желідегі танымалдығының арқасында әртүрлі сапарларға шыққан», – деді ол.

Журналист мұндай жағдайда мектепті бір айға қараусыз қалдыру қаншалықты дұрыс деген мәселе көтерді. Оның айтуынша, кез келген уақытта төтенше жағдай орын алуы мүмкін, ал балалар үшін жауапты тұлға сол сәтте өз міндетінен тыс іспен айналысып жүрген.

Сондай-ақ ол бұл жағдайға қатысты тиісті органдардан түсініктеме беруді сұрады.

«Егер ол шоу-бизнеске бет бұрғысы келсе, директорлық қызметтен кетуі керек шығар. Әр адам өз жолын таңдауы тиіс. Бұл – жай ғана ротация емес, нақты бір қызмет орнын босату мәселесі», – деп түйіндеді журналист.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар