Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Мектеп бітіру кештеріне қатаң тыйым»: Депутат Ирина Смирнова өткір мәлімдеме жасады

13:23, 15 сәуір 2026

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова соңғы қоңырау мен бітіру кештерін өткізу форматына қатысты пікір білдіріп, бұл мәселедегі мектептің рөлін нақтылау қажеттігін алға тартты, деп жазады Alash.kz. 

Оның пайымынша, оқу орны тек ресми іс-шараларды ұйымдастырумен шектелуі тиіс, ал салтанатты банкеттер мен түнгі отырыстар мектеп қабырғасында өтпеуі керек. Депутат білім беру мекемесінің міндеті мерекелік дастарқан жаю емес, сапалы тәрбие мен білім беру екенін атап өтті.

Бұрын мектеп директоры қызметін атқарған Ирина Смирнова бітіру рәсімін мейрамханадағы банкеттермен байланыстыруға түбегейлі қарсы. Ол бұл туралы былай деді:

 «Мен мектеп директоры болып жүргенде-ақ осындай банкеттерді тоқтату керек деп ойлайтынмын. Мектепте біз банкет өткізуді емес, мүлде басқа маңызды дүниелерді үйретеміз».

Депутаттың пікірінше, құжат тапсыру рәсімін күндізгі уақытта, мектеп аясында қарапайым форматта өткізу әлдеқайда тиімді әрі қауіпсіз. Жауапкершілік мәселесі де депутат назарынан тыс қалмады. Смирнованың айтуынша, аттестат алғаннан кейін түлектер мектеп қарамағынан шыққан болып есептеледі, сондықтан одан кейінгі іс-әрекеттерге ата-аналар тікелей жауапты. Ол бұл ретте мектеп басшылығын артық міндеттемелерден босату керектігін айтты:

«Егер біреулер сыртта атап өтсе, 18 жасқа дейінгі балалар үшін жауапкершілік ата-анасына жүктеледі. Сол кеште мектеп балаларға жауап бермейді. Таңертең аттестат берілді, сонымен бітті. Сонда мектеп директорлары олар үшін әрі қарай да жауап беруі керек пе?».

Сонымен қатар, депутат қазіргі жастардың талғамы өзгергенін және көптеген түлектердің қымбат мейрамханалар мен дәстүрлі банкеттерге қызықпайтынын жеткізді. Ол заңнамалық деңгейде де мұғалімдердің жауапкершілігі тек сабақ уақытымен шектелетінін нақтылауды қолдайды. Бұл бағытта Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те ұстаздарға мектептен тыс уақытта бала үшін жауапкершілік жүктеуді доғару және оларға қосымша міндет жүктегендерді жазалау туралы бастама көтерген болатын. Смирнова мектеппен қоштасу кешінен кейін әр отбасы мерекені өз қалауынша және өз жауапкершілігімен өткізуі керек деп түйіндеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар